Ертіс бойының балалары Иса Байзақовтың мұраларын дәріптеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодардың Ертіс ауданындағы Қарақұдық мектебінде Иса Байзақовтың есімі ұлықталды. Жазғы демалыс кезеңін мазмұнды әрі қызықты өткізуді қалаған оқушылар тұлғаның өлеңдерін оқып сайысты.

Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында жаз мезгілінде түрлі танымдық жобалар ұйымдастыратын Ертіс ауданы биыл да ерекше көзге түсіп отыр.

Бүгін Ертістегі Қарақұдық мектебінің жазғы лагерь базасында аудандық «Жас ақындар мектебі» байқауы өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара дауылпаз ақын Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналды.

— Арқадан шығып, күллі қазақ еліне танымал болған дауылпаз ақын Иса Байзақов біздің ауданымызда дүниеге келгенін жерлестері әрдайым мақтаныш етеді. Әйгілі перзентіміздің есімін ұлықтау әрі балалардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында бүгінгі іс-шараға мықтап дайындалдық. Негізі жазғы уақытта мектептердің базасында түрлі танымдық шаралар өткізу дәстүрге айналған. Мәселен осыдан бірнеше жыл бұрын жерлес ақын Аманжол Шәмкеновтің мұраларын, былтыр балалар ақыны Мүбәрак Жаманбалиновтың шығармаларын насихаттадық. Ал биылғы таңдауымыз бірден Иса Байзақовқа түсті. Себебі еліміз бойынша тұлғаның 125 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Ақынның соңына қалдырған шығармашылық мол мұрасын, еңбегін жас ұрпақ білуі керек. Әрі оны қызықты сайыстар, түрлі байқаулар арқылы оқушылардың жүрегіне жеткізу білу керек болды, — дейді Ертіс аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Нұргүл Сұлтанова.

«Жас ақындар мектебі» байқауына 20-дан астам мектептен оқушылар жиналды, оның ішінде Ақтоғай ауданынан да шәкірттер келді. Олар ең әуелі жас ақындар байқауында бақтарын сынады. Шығармашылыққа жақын балалар өздері жазған өлеңдерін ұсынып, тырнақалды дүниелерін оқып берді. Одан соң қатысушылар Иса Байзақовтың шығармаларынан өздері жатқа білетін өлеңдерін оқыды. Ақын өлеңдерін көбірек жаттаған әрі мақамын келістіріп оқығандар үздік шықты. Ал соңғы кезеңде оқушылар Қазанғап би, Байдалы би, Шоң би, Торайғыр би, Байсерке абыз сынды би-шешендердің бірін таңдап, мәліметтер жинақтап, салыстырып, слайд түрінде қорғады.

5-10-сынып оқушылары арасында өткізілген іс-шарада дәстүр жалғастығын түсіндіру, балалардың санасында сөз өнерінің негізгі бағыттарын қалыптастыру, ұлттық мәдениет пен өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға мән берілді.
Оқушылар арасында таңдайлары тақылдап тақпақ айтқан өзге ұлттың балалары де ерекше көзге түсіп қалды. Мысал үшін Ертіс № 4 мектебінің 5-сынып оқушысы Анатолий Шнайдер Иса Байзақовтың 11 өлеңін жаттап келіпті. Анатолий шығармашылыққа талпынып жүрген бала, айтуынша Иса ақынның өлеңдері оған айрықша ұнайды.

Байқау қорытындысында Бірлік мектебінің 8-сынып оқушысы, Аянат Серікбай, Абай мектебінің 9-сынып оқушысы Жайна Мақұлбекова, Қарақұдық мектебінің оқушысы Данэль Жасқайрат жеңімпаз атанды.
— Халқымыз «Тәрбие — тал бесіктен» деп тауып айтқан. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады дегенмен, бұдан кейін мектептің де рөлі зор. Ұлттық тәрбиеден, салт-дәстүр, ауыз әдебиетінен нәр алып өскен ұрпақ қай кезде де аталар аманатына адал боларына кәміл сенеміз. Ұлттық салт-дәстүрді, мәдениет пен өнерді насихаттау — тәрбиенің төресі. Сондықтан мұндай шаралардың мақсаты — ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін терең меңгеруге, ана тілін қадірлеуге үйрету. Екінші тұрғыдан, балалардың өз өлкесін кеңінен тани түсуіне жол ашады. Өз өңірімізде дүниеге келген тарихи тұлғаларды дәріптеу, шығармаларын насихаттау арқылы біз оқушыларды жігерлендіреміз, оларға ұлылық нәрін егеміз. Көптеген атақты жерлестеріміз туралы мәліметтер мектеп оқулықтарында жоқ. Мәселен, Байсерке абызды алайық. Оның еңбегін Ертіс-Баян елі білгенімен, оқулықтарда қамтылмаған. Сондықтан рухани мұраға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу өз жемісін береді, — дейді Қазақстанның үздік өлкетанушысы, Ертіс ауданының Құрметті азаматы, тіл жанашыры Самат Мәненов.
Байқаудың екінші бөлімі қолөнерге, ұлттық ойындарға және ұлттық тағамдар әзірлеу сайысына ұласты. Балалардың ата-аналары «Шұқыма кесте» қолөнер түрін көрсетсе, оқушылар асық атудан және садақ атудан бәсекеге түсті. Сондай-ақ «Вest құрт» — құрт дайындау, «Баурсақ fest» — бауырсақ пісіру бойынша шеберлік сабақтары ойдағыдай өрілді.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Майя Багиенова барлық жеңімпаз бен жүлдегерлерге, белсенді қатысушыларға марапаттар тапсырды. Сондай-ақ демеушілер атынан сыйлықтар берілді.

Нұргүл Сұлтанованың айтуынша, дүлдүл ақын Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына орай биыл жыл басынан аудандық білім беру бөлімінің мұрындық болуымен көптеген іс-шара ұйымдастырылған. Бұл тарапта «Ертіс Исаны оқиды» атты челленджді, ақын туған ауыл — Үлгілідегі мұражайға жасалған экскурсияны, аудандық «Әдеби кейіпкерлердің шеруі» байқауын, «Өмірі өшпес өнеге» тақырыбындағы аудандық сурет және қолөнер байқауын және т. б. атап өтуге болады. Мұнда 2011 жылдан бастап Иса оқулары үзбей өткізіліп келеді.
Айтып өтейік, бүгінде Ертіс ауданында 25 мектеп, 2571 оқушы бар.
Еске сала кетейік, Павлодарда биыл 109 мыңнан астам оқушы жазғы демалысын тиімді өткізе алады.