Ертіс бойының топырағы тозып барады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының кейбір аумақтарында топырақ құнарының төмендеуі тіркелген. Гумус (қарашірік) деңгейінің азаюы, макро және микроэлементтердің жеткіліксіздігі, сондай-ақ эрозия мен тұздану үдерістері байқалады. Экологиялық-агрономиялық түйткілдер уақтылы шешілмесе, өңірдің ауыл шаруашылығы саласында үлкен мәселелер туындауы ғажап емес.

Топырақ 30 жылдан астам зерттелмеген
«Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК мамандары Ертіс-Баян өңіріндегі кейбір жер аумақтарында топырақ құнарының төмендегенін тіркеді. Бұл жағдай елді мекендер айналасында ғана емес, жайылымдар мен егіс танаптарында да кездескен. Мамандар жауапты органдар бұл мәселеге жедел назар аудармаса, жағдай күрделені беретінін ескертіп отыр.
— Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, кей аумақтарда топырақ құнарының төмендеу үрдістері байқалады, соның ішінде гумус деңгейінің азаюы, макро және микроэлементтердің жеткіліксіздігі, сондай-ақ эрозия мен тұздану процестері тіркелді. Мәселелерге қарсы тиімді мелиорациялық және агротехникалық іс-шаралар қолға алынуда. Әсіресе интенсивті егіншілік жүргізілетін өңірлерде құнарлылықты жақсарту үшін арнайы ұсыныстар әзірленіп, бағдарлама іске асырылып жатыр, — дейді «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» салалық даму департаменті жер сапасын есепке алу және іздестіру жұмыстарын бақылау басқармасының басшысы Бауыржан Біржанов.
Анықтағанымыздай, облыс аумағындағы жүйелі топырақ зерттеулері соңғы рет кең көлемде 1980–1990 жылдары жүргізіліпті. Одан соң мұндай жұмыстар тек жекелеген жобалар аясында ғана жүзеге асырылған.
— Біздің мекеме филиалы 2024 жылы Ертіс-Баян өңірінің 400 мың гектар аумағында топырақтық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал биыл ол 180 мың гектарды қамтыды. Оның барысында топырақ қабаттары, механикалық құрамы, гумус мөлшері мен топырақ құнары, азот, фосфор, калий мөлшері, қышқылдылық деңгейі (pH), микроэлементтер мен тұздану белгілерінің анықталуы, деградация белгілері (эрозия, тұздану, тығыздану және т. б.) зерттеледі. Аталған мәліметтер негізінде жерлер жарамдылық санаттары мен класстарға бөлінеді, одан кейін тыңайтқыш енгізу, мелиорациялық іс-шаралар жүргізу, дақылдарды ауыстыру, топырақты өңдеу тәсілдері мен оның құрылымы мен құнарлылығын қалпына келтіру бойынша ұсынымдар әзірленеді, — деп жалғады сөзін Бауыржан Біржанов.

Белгілі болғандай, топырақтың тозуы негізінен облыстың оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарында, атап айтқанда Ақтоғай, Май және Аққулы аудандарында жиі байқалған.
Бұл аймақтарда жер бедері негізінен жазық далалы, кей жерлерде шөлейтті жағдайлар да кездеседі. Сондай-ақ елді мекендер айналасындағы жерлерде топыраққа түсетін жүктеме жоғары.
Жер құнарын жоғалтуына қандай факторлар себеп?
Топырақтану мамандарының кеңесіне құлақ түрсек, топырақтың жағдайына табиғи және адам әрекетіне байланысты факторлар әсер етеді екен. Бұл тұрғыда әсер ететін жайттар көп. Олардың ішінде атап өтетін негізгілері мыналар:
- Агротехникалық талаптардың сақталмауы.
- Топырақ эрозиясы.
- Су эрозиясы
- Тұздану. Суармалы жерлерде дренаж жүйесінің әлсіздігі мен жер асты суларының көтерілуі топырақта тұз жиналуына әкеледі.
- Қышқылдану (pH деңгейінің төмендеуі).
- Органикалық заттардың жетіспеушілігі.
- Жайылымдық жүктеменің артуы.
- Өсімдіктер жабыны мен орман алқаптарының азаюы.
- Климаттық өзгерістер.
- Ауа температурасының шамадан тыс жоғары болуы

Егіс танаптарында тұздың құрамы 7 есе артқан
Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Құдайберген Қанапиянов өңірдегі кейбір егіс танаптарында тұздану үдерісі жылдам жүріп жатқанына алаңдайды.
— Ертіс ауданындағы егіс танабының бір бөлігінде соңғы жылдары егілген дән мүлде шықпай қалып жүр. Бұл жағдайды ұзақ зерттей келе, оған егістік факторлары әсер ететінін анықтадым. Топырақтанушылармен бірге егін егілетін жерді қазғанымызда 80 сантиметрден 5 метр тереңдікке дейінгі топырақтағы тұздың құрамы шекті мөлшерден 7 есе (!) көбейіп кеткенін анықтадық. Ал сол аумақтағы алақандағыдай ғана тың жерде әлгіндей жағдай тіркелмеді, — дейді ол.

Мәселе мынада, фермерлер ерте көктемде жерді жыртып тастайды да ол дән себілгенше 50-60 күн бойы топырақ қабаты ашық күйде ылғал тартып жатады. Түскен ылғал бірден төмен бойлап, тереңдегі тұз қабаттарына жетеді де оны буландырып жоғары көтереді.
Ал тың жерлерде керісінше көпжылдық шөптер өсіп тұр. Соқа тимеген өсімдік қабаты түскен ылғалды бірден өзіне сіңіріп ала қояды, су төмен түспейді. Яғни ылғал 60 см-ден төмен әрі бармайды. Егінді қайта-қайта еге бергеннен әлгі жерлерде тұз жоғары көтеріліп, топырақ нәрсіз болып қалған.
Ғалым егістік жерлердің тұздануын болдырмау үшін егіс танаптарын бірнеше жыл қатарынан тыңайтып, көпжылдық шөп егуді ұсынады. Әсіресе жоңышқаны егу ұтымдырақ болар еді.
Атап өтерлігі, ғалым бұған дейін жоңышқаның әлемде жоқ жаңа сортын шығарған.
Тыңайтқыш жетіспейді
Павлодарлық фермерлердің көбі егіс топырағын қалпында ұстау үшін тыңайтқыш қолданатыны жасырын емес. Бірақ соның өзі барлығына қолжетімді емес.
— Топырақ құнарының жоғалуына қатысты мәселе сонау кеңес заманынан жалғасып келеді. Бұл тарапта өсімдік шаруашылығындағы топырақ бонитеті аса өзекті. Себебі көкөністер топырақтағы пайдалы заттарды айтарлықтай төмендетіп жібереді. Оның орнын тыңайтқышпен толтырамыз. Бірақ бонитеттің кеміп бара жатқанын байқамаппыз. Егер агротехнология дұрыс сақталса, жердің өнімділігін тұрақты сақтауға болады. Суармалы алқаптарды енгізу, тыңайтқыштарды орнымен қолдану да көп мәселені шешеді, — дейді «AndasAgro» ЖШС басшысы Зейнолла Сәлменбаев.

Фермердің сөзінше, қазіргі уақытта отандық тыңайтқыштардың бағасы қымбат. Оны сатып алуға барлық көкөніс өсірушілердің шамасы жетпейді. Кейбір түрлерінің бағасы Қытай мен Ресейдің өнімдерінен қымбат.
Сондықтан оның көлемін көбейту, ал құнын арзандату Үкіметтің назарға алатын шаруасы болуы керек, деп есептейді ол. Мысал үшін көршілес мемлекеттер шығаратын тыңайтқышты өз шаруаларына арзандатылған бағамен сатады.
Тығырықтан шығудың жолы
Павлодар облысында топырақ құнарын сақтау — ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі. Себебі өңірдің агрокешенінде соңғы жылдары ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып, азық өнімдерінің өндірісі күрт өскен.
Алайда келешекте бұл саланың дамуын тежейтін белгілі бір қауіпті құбылыстар жиналып қалғаны байқалады. Экологиялық және агрономиялық қиындықтар бар.
Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?
Топырақтану мамандары топырақтың жел эрозиясына ұшырау қаупін төмендету мақсатында агроландшафтты қорғау, қорғаныш орман жолақтарын отырғызу және топырақ қорғау технологияларын енгізу сияқты ұсынымдар беріп отыр.
Тұздану және қышқылдану үдерістерінің алдын алу үшін мелиорациялық шаралар жүзеге асырылып, тыңайтқыштар ғылыми негізде енгізілуде. Ал жайылымды тозудан сақтау мақсатында оларды кезекпен пайдалану, демалыс мерзімін сақтау және жасанды шөп егу жұмыстары ұсынылған. Мамандардың есебінше, бұл жердің табиғи әлеуетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
— Тиісті ғылыми-тәжірибелік шараларды дұрыс қолдану арқылы жердің құнарлылығын арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімділігін едәуір жақсартуға болады. Ғылыми негізделген егіс айналымын енгізгеннен кейін дұрыс жоспарлау топырақтың тозуын тоқтатып, оның құрылымын жақсартады. Қышқылданған және тұзданған жерлерде әктеу немесе гипстеу жұмыстарын жүргізу топырақтың химиялық тепе-теңдігін қалпына келтіруге көмектеседі. Органикалық және минералдық тыңайтқыштарды жүйелі түрде қолдану өсімдіктерге қажетті қоректік заттарды беріп қана қоймай, топырақтың құрылымын да жақсартады. Топырақты минималды өңдеу, жамылғы егістерін қолдану сияқты әдістер эрозия мен тозудың алдын алады. Сондай-ақ орман белдеулерін отырғызу арқылы топырақтың ұшып кетуіне тосқауыл қоюға болады, — дейді Бауыржан Біржанов.

Өңірдің топырақтану саласында белгілі бір кадрлық түйткілдер бар. Атап айтқанда, білікті топырақтанушылардың тапшылығы байқалады. Мамандар Жер ресурстарын цифрландыру және геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) енгізу арқылы жер мониторингінің сапасы мен жеделдігі артып келетінін айтады.
Бұл тәсіл жер жағдайын нақты әрі уақтылы бақылауға мүмкіндік береді. Келешекте жаңа технологиялардың көмегімен топырақ құнарын сақтау, жер тозуының алдын алу, тыңайтқыштарды тиімді қолдану сынды өзекті мәселелер шешіледі деп сенеміз.
Бұған дейін Павлодар облысында 1,5 млн гектар жердің топырақ қабаты зерттеліп жатқанын жазғанбыз.