Ертіс көпіріндегі көлік кептелісі: Өскеменде көпір астындағы жол құрылысы биыл аяқтала ма
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласындағы Ертіс көпірі астындағы жолды биыл ашу жоспарланып отыр.

Таяуда қаладағы Пермитин және Славский жағалауы көшелерін жалғайтын жолдың құрылысын пайдалануға беру уақыты қаржылай қиындықтарға байланысты кешігуі мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Тұраров жауап берді.
— Соңғы мәліметтерге сәйкес, құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталады. Қаржы мәселелеріне қарамастан, жолдың уақытылы аяқталуы туралы қала әкімдігі мен мердігер компания арасында келісім жасалды, — деді ол.
Айта кетейік, осы Ертіс көпірінде үнемі таңертең және кешке ұзын-сонар көлік кептілісі болады.
Себебі халық көп тұратын Жібек маталар комбинаты ықшамауданына апарар негізгі жол осы.
Сол кептелісті азайту мақсатында Пермитин көшесінен Славский жағалауына қарай өтетін Ертіс көпірі астында жол құрылысы басталған болатын.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде мерекелік шараның соңы жаппай улануға ұласқаны хабарланған.