«Ертіс орманы» резерватында биыл қарағайдың 14 млн көшеті отырғызылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Орман алқаптарын екпе көшетпен толық қамтамасыз ететін 2 тұрақты орман тұқымбағы бар. Оның жалпы аумағы 57 гектардан асады.

Биыл «Ертіс орманы» резерватының Шалдай және Бесқарағай филиалдарындағы тұқымбақтарында екі жылдық қарағай көшеті бойынша — 4 млн 614,7 мың дана, бір жылдық бойынша 27 млн 137,3 мың дана екпе материалдары өсірілген.
Мекеменің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бұл көшеттер орман алқаптарына отырғызу үшін дайындалады.

«Екі жылдық қарағай көшеттерінің тамыры қажетті тереңдік бойынша — 25-30 см ұзындықта кесіледі. Көшетті салу үшін тракторлардың көмегімен орманшылар жер қабатын аудармай көтереді. Содан соң өскіндерді арнайы қар үйінділерімен бірге апарып көмеді. Тамыры қар кесегімен және шөппен нығыздалған қарағай көшеттері шілде айына дейін сол күйінде жетілмей сақталып тұрады. Тамырындағы қар тек шілде айында еріп, күн ыстықта көшеттің тез жетілуіне нәр бере бастайды. Осылайша арнайы технологияның арқасында қарағай екпелерін жаздың ыстық күндерінен аман-есен алып шығамыз», - деп түсіндірді көшеттерді отырғызу әдісі жайында резерват басқармасының орманды қалпына келтіру инженері Елена Остапенко.

2024 жылы 14 млн екпе көшетті жалпы аумағы 2828 гектарда отырғызу жоспарланып отыр. Оның 1048 гектары — көктемде, 1780 гектары күзде егіледі. Отырғызу қолмен және механикаландырылған тәсілмен жүргізіледі. Қазіргі уақытта көшеттерді қазып алуға мекеменің 500-ге жуық қызметкері жұмылдырылған.

Еске сала кетейік, наурыз айында Ертіс орманшылары қарағай көшеттерін отырғызу үшін көктемгі ылғал жинауды бастап кеткен.

«Ертіс орманындағы» қарағай арасынан сілеусін көзге түсті.