«Ертіс орманында» аса сирек кездесетін құс — сақалды жапалақ көзге түсті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мамандардың айтуынша, сақалды жапалақ соңғы рет 2015 жылы Солтүстік Қазақстанда тіркелген. Ол — елімізде аса сирек кездесетін құстың бірі.

«Ертіс орманында» аса сирек кездесетін құс — сақалды жапалақ көзге түсті
Фото: Видеодан скрин

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында өте сирек кездесетін құстың бірі — сақалды жапалақ (бородатая неясыть) камераға түсіп қалды. 

— Жапалақтың бұл түрінің фотоға түсірілуі Қазақстан аумағында небәрі үш рет қана тіркелген. Соңғы фототіркеу 2015 жылдың 10 қазаны күні Солтүстік Қазақстанда болғаны анықталды. Сақалды жапалақ — сирек кездесетін, негізінен отырықшы тіршілік ететін құс, — деп хабарлады «Ертіс орманы» резерватынан.

Әдеби деректерде 1987 жылғы 27 тамызда үш балапаннан құралған ұя маңындағы топтың тіркелгені көрсетілген. 

Бұл олжа резерваттың орнитологиялық биоалуантүрлілігін зерттеу үшін маңызды ғылыми дерек дейді орман қызметкерлері. Алдағы жылы сақалды жапалақтың тіршілік ерекшеліктерін, биологиясын, таралу аумағын зерттеп, ұя салатын орнын анықтау жоспарланып отыр.

Бұған дейін Ертіс орманында соқыртышқан көзге түскен. Жер астында өмір сүретін бұл ұсақ кеміргіш топырақтың құрылымына әсер етіп, орманды-дала экожүйесіндегі табиғи үдерістерге қатысады.

Сондай-ақ Ертіс орманында бұланның көбеюі экожүйеге айтарлықтай пайдасын тигізіп жатқанын жазғанбыз.