«Ертіс орманында» өрт қауіптілігінің төтенше деңгейі жарияланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Аптап ыстыққа байланысты қарағайлы мемлекеттік орман қоры резерватының аумағында өрт қауіптілігінің төтенше деңгейі белгіленді.

Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватынан хабарлады.
— Орман табиғи резерватының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қауіптілігінің төтенше деңгейі жарияланды, 5-класты деңгей. Орманды жерлерде қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз, — деп хабарлады резерваттан.
Мамандар орманда от жағуға қатаң тыйым салынатынын ескертті. Темекі тұқылын, шыны қалдықтарын, бос шөлмектерді, қоқысты тастауға болмайды. Әрі орман ішінде көлікпен жүруге тыйым салынған.
— Орман өрттерінің алдын алу — басты міндет. «Ертіс орманы» резерваты аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, орманшылармен бірлесіп, «өрт қауіпсіздігіне байланысты аншлагтар жаңартылып, тұрғындар үшін ескерту материалдары орнатылып жатыр. Мақсат — халықтың назарын өрт қаупіне аудару және табиғатты сақтауға шақыру, — деп қосты орман мекемесінен.
Еске сала кетейік, Ертіс бойы орман шаруашылықтарының өртке қарсы әлеуеті әлсіз.