Ертіс өзені арнасынан неге асты: бассейндік инспекция түсініктеме берді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертістің қыс ортасында тасуына мұз құрсауы мен жердің тоңдануы себеп болғаны айтылып отыр. Ал Шығыс Қазақстандағы каскадты су қоймаларынан жіберілген су аса қауіпті көлемде болмаған. 

Ертіс өзені арнасынан неге асты: бассейндік инспекция түсініктеме берді
Фото: Е.Қамбаровтың жеке мұрағатынан

Қарашаның соңы мен желтоқсан айының басында өзеннің Павлодар облысы аумағындағы арнасының деңгейі көтеріліп, кейбір ойпаң жердегі жайылмаларға қыс ортасында су шығып кеткен еді.

Ертіс өзені арнасынан неге асты: бассейндік инспекция түсініктеме берді
Фото: Е.Қамбаровтың жеке мұрағатынан

Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров бұл жағдайды Kazinform тілшісіне былайша түсіндірді:

- Естеріңізде болса, жауапты мекемелер биыл жаздан бері күзде жайылмаларға қайтадан су шығуы мүмкін екенін, фермерлер соған орай шабындықтардағы шөбін ертерек жинап алуы керек екенін ескертіп келдік. Биыл ылғал ағыл-тегіл түсті. Жазда шаруалар шөптерін уақтылы шауып алуы үшін су қоймасынан босатылатын су көлемі үнемі тежеліп, мейлінше қалыпты нормада ұсталды. Шығыс Қазақстандағы каскадты су қоймаларының деңгейін ұстап тұру үшін кей уақытта Ертіс өзеніне жіберілетін судың көлемін арттыруға тура келеді. Бұл – мәжбүрлі түрде жүзеге асатын шаруа. Себебі ГЭС-тер орналасқан су қоймаларының бөгеттерін су бұзып кетсе, қаншама елді мекендерге қауіп төнер еді. Жалпы Шүлбі су қоймасынан су өзенге үнемі жіберіліп тұрады. Қалыпты көлемі – секундына 650 текше метр. Қараша айының соңында қоймаларда судың көп жиналып қалуынан бұл норманы арттыруға тура келді. Әрі барлық фермерлер құлақтандырылған еді. Көлемін арттырғанда алдын ала есептер жасалады, себебі ол жолай елді мекендерге, жайылмаларға қауіп төндірмеуі керек. Павлодар облысындағы жағдай өзенді мұз құрсауынан әрі жердің тоңдануынан болды. Бірақ жайылмаға су жайылу тек бір ауданда –Ақтоғайда байқалды. Ал жазда шапқан шөбін жеткізе алмау дерегі Жаңабет ауылы маңында ғана болған. Себебі бұл елді мекенге тиесілі шабындық төмен жерде орналасқан. Сәйкесінше мұз құрсанған өзендегі артық су ағып үлгере алмай, кей жерлерде арнаның ойпаң тұстарын тауып, жайылмаға жылжыды. Бірақ бұл құбылыс ұзаққа созылған жоқ, тез арада судың беті қайтты. Екінші фактор, өзеннің Ресей жақтағы төменгі ағысын қалың мұз құрсап тастаған. Соның әсерінен ағын баяулай түскен деп ойлаймыз. Бұл да жоғарыдағы жайтқа себеп болған. Атап өтерлігі, шөбі суда қалды деген «Ғибрат» ШҚ басшысымен сөйлесу тілдесу мүмкін болмады, ал «Елдос» қожалығының басшысы ешқандай мәселе жоқ екенін айтып отыр, - дейді инспекция өкілі. 

Ертіс өзені арнасынан неге асты: бассейндік инспекция түсініктеме берді
Фото: Е. Қамбаровтың жеке мұрағатынан

Жалпы Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы су қоймаларының ең үлкені Зайсан мен Өскеменнің ортасында орналасқан «Бұқтырма» су қоймасы. Ол 49,6 млрд текше метр су жинай алады. «Бұқтырма» суды көпжылдық реттеуге арналған алып құрылыс. Одан кейін транзиттік деп саналатын «Өскемен» су қоймасы орналасқан, сыйымдылығы небәрі 660 млн текше метр. Ал соңғысы әрі Ертіске тікелей су босататыны – «Шүлбі». Каскадты су қоймасының сыйымдылығы – 2,66 млрд текше метр. «Шүлбіге» суды көп жинау мүмкін емес, тез толып қалатындықтан үнемі су босатылып отырады. 

«Барлық үш су қоймасында ГЭС-тер орналасқан. «Шүлбідегі» судың деңгейін Балтық теңізі деңгейінен 239-240 метр биіктікте ғана ұстап отыруға мүмкіндік бар. Одан асса, қауіпті деген сөз. Ал төмендеп кетсе, гидро-электр стансасының жұмысына әсер етеді. Бұл су қоймаларының еліміздің экономикасына әсері өте зор. Әсіресе, егін, мал, балық шаруашылықтары үшін судың уақытында босатылып, өзен жайылмаларына жайылуы маңызды. Көктемде сол үшін суды нормадан тыс босатып, жайылмаларға жасанды толқындардың екпінімен мол суды шығарып жібереміз. Бұған қоса көктемде таудан еріген барлық қар суы осы қоймаларға түседі. Соның бәріне дайын болу үшін қоймалардағы су деңгейін үнемі бақылап, реттеп отыру қажет. Кейде қыс ортасында жылымық пайда болып, сай-саладан аққан судың мөлшері артып кетеді. Осының бәріне дайын болуымыз керек. Мәселен, қазір Шүлбі су қоймасы 85 пайызға толып тұр. Тағы 412 млн текше метр су қабылдауға дайынбыз», - деп аяқтады сөзін Елеусіз Қамбаров.

Еске сала кетейік, Павлодарда Ертіс өзенінің деңгейі көтеріліп, шаруалар шөптерін таси алмай жатқаны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар