Ертіс өзенінде мұз қатса, жайылмаға су шығып кетуі мүмкін бе
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар өңірінде қараша айы әдеттегіден жылы болып тұр. Соған орай Ертіс өзенінде әлі күнге мұз қабаты түзілген жоқ.
Былтыр желтоқсан айының басында Ертіс өзенінің Павлодар облысындағы арнасы тасып, жағасындағы ел-жұртты әбігерге салғаны мәлім.
Салдарынан ауыл тұрғындары жазда шауып қойған шөптерін таси алмай қалған болатын. Келеңсіз жағдай биыл тағы қайталануы мүмкін бе?
Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров қазіргі уақытта ондай қауіп жоқ екенін хабарлады.
— Өткен жылы Шығыс Қазақстандағы Үлбі су қоймасынан мол судың жіберілгені мәжбүрлі қадам болды. Жауын-шашын мен қалың жауған қар салдарынан қоймада су көбейіп кеткен еді. Оның үстіне Ертіске мұз ерте қатты. Қазіргі уақытта су қоймаларындағы судың көлемі нормаға сай, тәуліктік су жіберу көлемін ұлғайту туралы мәселе көтерілмеген. Алдағы күндері өзенде мұз қатқанның өзінде ондай қауіп байқалмайды, — деп мәлімдеді ол.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Ертіс өзенінде мұз жабындысы жоқ. Су беті толықтай ашық, мұз түзілу процесі әлі басталмаған.
— Гидрометеорологиялық бақылауларға сүйенсек, Ертіс өзенінде болжамды мұз орнау кезеңі 2025 жылғы 29 қараша — 7 желтоқсан аралығында күтіліп отыр. Мұздың тұрақты қалыптасуы шамамен 13 желтоқсанда болуы керек. Былтыр өзеннің мұзы 15 қарашадан қата бастап, 25 қарашада толықтай қалыптасқан. Сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік шараларын еске саламыз. Алғашқы аяз түскенде кейбір жерлерде жұқа мұз қабаттары пайда болуы мүмкін. Бірақ ол адам салмағын көтере алмайды, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Еске сала кетейік, Ертіс бассейні аумағында заңсыз салынған 13 нысан жойылады.