Ертіс өзенінде сең жүре бастады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ертісте көктемгі сең жүру басталды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мұз көшкініне байланысты өзендегі су деңгейін тәулік бойы бақылауға алды. Әзірше үлкен мұз кептелістері байқалмайды. 

Ертіс өзенінде сең жүре бастады
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Табиғи құбылысты өзен жағалауындағы елді мекендердің халқы қызыға тамашалап жатыр. 

– Көпжылдық мониторинг бойынша бұл табиғи құбылыстың қарқындылығы жыл сайын әлсіреп келе жатқанын көрсетеді. Бұған әртүрлі факторлар, соның ішінде температура тәртібі де әсер етеді. Тіпті ұзындығы 60-70 шақырым болатын өзен учаскесі қыста толығымен қатпайды. Соған орай Ертісте бұрынғыдай үлкен мұз кептелісі байқалмайды, - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Ертіс өзенінде сең жүре бастады
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Мұз көшу кезеңінде төтенше жағдай қызметкерлері тәуліктік кезекшілік ұйымдастырып, Ертіс өзеніндегі су деңгейін үздіксіз бақылайтынын мәлімдеді. 

Өзендегі сең жүріп өткен соң еліміздің шығыс өңіріндегі су қоймаларынан босатылған мол су Павлодар аймағына жетеді. 

Бұған дейін Ертіс өзеніне көктемгі су босату басталғанын жазғанбыз. Биыл жалпы көлемі 6,3 км су босатылып, өзен жайылмаларының 90%-дан астамы суға қанығады деп күтіліп отыр.

Соңғы жаңалықтар