Ертіс өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін бе

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта өзенді мұз құрсап жатыр. Дейтұрғанмен, мамандар кей жерлерде су деңгейі 11 сантиметрге дейін көтерілгенін айтады. Шығыс Қазақстандағы мол су Ертіс өзенінің тасуына әсер етуі мүмкін бе?

Иртыш
Фото:Абай облысының әкімдігі
Галина Шпак
Фото: pavon.kz

«Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының басшысы Галина Шпак Kazinform агенттігінің тілшісі қойған бұл сауалға былайша жауап берді:

- Ертіс өзенінің Павлодар облысы бойынша барлық ен бойы мұз құрсанып жатыр. Гидробекеттерден алынған мәліметке сүйенсек, су деңгейінің 1-ден 11 сантиметрге дейін көтерілуі байқалады. Бұл Шүлбі су қоймасынан өзенге біртіндеп су жіберіле бастағанына байланысты болуы керек. Дейтұрғанмен, бұл - қауіпті деңгей емес, өзен әзірге тасымайды. Оған қалың мұз да мүмкіндік бермейді. Өзен үстінде мұздың жүруі шамамен 6-15 сәуір аралығында өтеді деп болжанған. Ал өзенге су босату шаралары шамамен сәуір айының екінші жартысында жүруі керек. Су босатудың мерзімін ведомствоаралық комиссия белгілейді.

Жергілікті мамандардың пікірінше, Ертіс өзеніндегі судың көлемі мен сапасы жеткілікті бақыланбай отыр. Өзен Шығыс Қазақстаннан облысымызға кіргеннен бері қарай 250 шақырым жерде бірде-бір гидробекет жоқ. Облыс бойынша аталған өзенді бақылайтын небәрі 5 бекет бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, өзгесі Тереңкөл, Ертіс және Железин аудандарында орналасқан.

«Бірінші гидрологиялық бекет - қала аумағында орналасқан Павлодар гидрологиялық бекеті (затон), ал облысқа кіреберістен шамамен 250 км қашықтықта бірде-бір гидрологиялық бекет жоқ. Сәйкесінше гидрологиялық режім бақылауға алынбаған. Осыған байланысты біздің филиалымыз Аққулы ауданында гидрологиялық бекет ашу туралы ұсынысты «Қазгидромет» РМК қарауына жолдады. Біз бір ғана бекет арқылы судың 48 түрлі көрсеткішін бақылай аламыз», - дейді Г. Шпак.

Павлодар облысы аумағынан ағып өтетін Ертіс өзенінің ұзындығы - 720 шақырым. Арнаның орташа ені 600 метр болса, кей жерлерде ол 3,5 шақырымнан асады. Өзеннің су жинау алаңы – 260 мың текше шақырым, орташа тереңдігі – 3-4 метр. Шығыс Қазақстандағы бөлігі бөгендер каскадымен бөгелген. Өзен бойында технологиясы соған тәуелді ондаған үл-кен кәсіпорын, электр стансалары орналасқан.

Елеусіз Қамбаров
Фото: Е. Қамбаровтың жеке мұрағатынан

Ал Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров Ертіс өзенінде сең жүріп өткен соң Шығыс Қазақстандағы қоймалардан су жіберіле бастайтынын жеткізді. Осы уақытта судың екпінінен өзеннің төменгі жақтарында тұрған кейбір елді мекендерге қауіп төнуі ғажап емес. Мысал үшін, өзеннің сол жағалауында орналасқан Май ауданының бірнеше елді мекені ойпаң аумақта тұр.

«Бұған дейін біздің инспекцияның күш салуымен Ертіс өзенінің арнасын, оның сағаларында тазалау жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде өзен мен оның сағалары арасында байланыс жақсарып, су жақсы жайыла бастады. Бұрын жайылмадағы кейбір шабындықтарға су жетпей қалатын. Су тұрып қалатын жерлерден көптеген ауыл шаруашылық құрылымдары жаздай су алады. Сондықтан биыл су мол жіберілетін болса, жайылмалар суға мейлінше қанығады», - дейді маман.

Айтып өтейік, Ертістен өзге облыста Ащысу және Сілеті өзендері де көктемде тасып, елді мекендерге қауіп төндіреді. 

Әйгерім Қабылтаева
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева осы қос өзендегі жағдай да қалыпты екенін атап өтті. Гидробекеттер орнатылған, су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Баянауыл ауданы мен Ақтоғай ауданының елді мекендеріне төнген қауіп жоқ.

Айта кетсек, Түркістан облысындағы Шардара су қоймасы 93, Бөген су қоймасы 97 пайыз толған

Соңғы жаңалықтар