Ертіс өзеніндегі су көліктері техникалық байқаудан қалай өтеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Өзен бойын өрлеп, жүк тасу тек Павлодар облысында ғана сақталып отыр. Ертістегі навигациялық кезеңнің ашылуына санаулы күндер қалды. Бүгінде өзен порты мен өзге де жеке компаниялардың, кәсіпкерлердің су көліктері жазғы кезеңге дайындалу үстінде. Кемелер де автокөліктер сияқты әр жыл сайын техникалық тексерістен өтеді. Павлодар облысында мұндай тексеру жүйесіне 94 кеме енгізілген.

«Қазақстан су жолдары» РМҚК «Кеме қатынасының тіркелімі» филиалының ішкі су көлігі бөлімінің инженері Сергей Исаенкомен су көліктерін техникалық байқаудың ерекшеліктері жөнінде сұхбаттастық.
- Кемелердің навигациялық маусымға дайындығы мен техникалық жай-күйін тексеру қалай жүргізіледі?
- Өздеріңіз білетіндей, Ертіс өзеніндегі су көліктерінің қозғалысы мен кемелердің бағытын, техникалық жағдайын «Қазақстан су жолдары» компаниясы қадағалап отырады. «Кеме қатынасының тіркелімі» - сол үлкен ұйымның бір бөлімшесі. Орталығымыз Семей қаласында орналасса, мен Павлодар облысындағы өкілімін. Біздің құзыретімізге базаға тіркелген су көліктерінің техникалық жағдайын бағалау, кем-кетіктерін дұрыстап, бекітілген қағидалардан ауытқымауын қадағалау кіреді. Жалпы кемелердің техникалық күйін тексерудің 2 түрі бар. Бірі – жыл сайынғы техникалық байқау, екіншісі - пайдаланылып жүрген су көліктерін әр бес жылда бір рет куәландырудан өткізу. Техникалық байқау барысында су техникасында орнатылған қозғалтқыш қондырғысының қуаты, кеменің конструкциялық кешені, қозғалыс кезінде жанып тұратын шамдары, құтқару және өртке қарсы құралдары, навигациялық жабдықтары тексеріледі. Яғни су көлігінің жүзу барысында ең қажет етілетін техникалық мүмкіндіктері зерделенеді.

- Куәландырудың қандай ерекшелігі бар?
- Куәландыру іс-шарасы бұл – күрделі процесс. Бұл уақытта су көлігі толықтай құрғаққа шығарылады. Винт, басқару рулінің тетіктері, қозғалтқыш қондырғысы бұзылып, тозу көрсеткіштері тексеріледі. Кеме табанындағы корпустың қалыңдығы өлшеніп, оған келтірілген зақымдар қарастырылады. Жалпы, кеме табанындағы темірдің қалың болуы маңызды. Көліктің ауқымына қарай оның өзіндік стандарттары мен нормативтері бар. Біздің облыста қазіргі күні 94 кеме жыл сайынғы техникалық тексерістен өтуге міндеттелген. Олардың ішінде екеуі – жолаушылар тасымалына арналған теплоход. Өзгесі жүк тасымалына және түрлі жағдайларда қолдануға арналған су көліктері.
- Шағын қайықтар мен кемелер бұл тексерістен өтпей ме?
- Заңнамаға сәйкес, палубалы шағын су көліктері техникалық байқаудан өтуге міндеттелген. Бірақ бұл жерде де өзіндік нормативтері бар. Егер орташа көлемді кемедегі жолаушылар орындығының саны 12-ден, ал ұзындығы 20 метрден аспаса және палубасы жоқ болса, ол тексерілмейді. Жалпы биылғы жыл басынан Павлодар облысы бойынша жыл сайынғы тексерістен – 7, куәландырудан 4 кеме өтіп үлгерді.

- Су көліктерін тексеру барысында кемшіліктер жиі анықтала ма?
- Болып тұрады. Әрбір тексеріс аяқталған соң оның нәтижелері мен ескертулер жазбаша түрде кеме қожайынына тапсырылады. Ол әрі қарай техниканы жөндеу бойынша сметасын құрып, қосалқы бөлшектерін алдырады. Бір сөзбен айтқанда жоспарлы жөндеуге дайындайды. Егер жөнделетін немесе ауыстырылатын бөліктері кеменің жалпы салмағының 3 пайызынан аспаса, онда кеме экипажы жөндеуді өз беттерімен жүргізуге құқылы. Ал жұмыс күрделі әрі кеме салмағының 8 пайызынан асатын болса, онда арнайы сертификатталған мамандар тартуы керек. Тіпті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің сертификаты бар болуын да талап етеміз. Жөндеу аяқталған соң иесі бізді шақырып, есебін жасайды. Барлығын тексеріп, сапасын бағалап шыққан соң ғана суға түсуіне рұқсат беріледі. Павлодар облысында кеме ісін жақсы білетін, жөндеуді сапалы жүргізе алатын мамандар баршылық. Кеме жөндеу зауыты да жанымызда орналасқан. Бұл кә¬сіпорында салмағы ауыр баржалар да жөнделеді.

Еске сала кетейік, Ертіс өзенінде 23 сәуірден кемелер қатынай бастайды.