Абай облысында Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің 128 мың шабағы жіберілді
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің 128 мың шабағы жіберілді.

Облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері Жаңасемей ауданына қарасты Шаған ауылының маңындағы Ертіс өзеніне 128 мың Сібір бекіресінің шабағын жіберді. Бұл шара қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде іске асырылған.
«Ертістегі бағалы балық түрі – Сібір бекіресінің популяциясын қалпына келтіру қажет. Сол арқылы аймақтағы биологиялық әртүрлілікті сақтауға мүмкіндік жасалады. Қыркүйек айында Жаңасемей ауданындағы Шүлбі су қоймасына да 83 мың сазан жіберілген», - делінген басқарма ақпаратында.
Сонымен қатар «Oilfish» ЖШС және «БШ ҒЗИ» ЖШС-нің бастамасымен Крупская ауылында жергілікті су қоймаларын бекіре тұқымдас балықтармен қорландыру акциясы ұйымдастырылған. Акция барысында Ертіске орташа салмағы 12 грамм болатын бекіре тұқымдас балықтар жіберілді.
Еске салсақ, осыған дейін «Семей орманындағы» алапат өрттен қаза болған өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылғаны хабарланған.