Ертістегі өзен флотына өзгеріс керек
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — lifepvl.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Көлік министрлігі 2027 жылы өзен арқылы тасымалданатын жүк көлемін үш есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл тарапта Ертіс өзеніндегі кеме қатынасын дамытудың үлкен әлеуеті жатыр. Себебі отандық өзен флоттарында тасылатын жүктің 90 пайызы Ертіс бассейніне тиесілі.
Елордада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитінде елдер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды.
Бұл қатарда Қазақстан логистикалық-тасымал жүйесін дамыту, жаңадан порттар салу туралы ұсыныстарын білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың келесі бағыты ретінде атады.
Осы ретте трансеуразиялық дәлізді одан әрі бірлесе дамытуға Ертіс-Баян өңірі де айтарлықтай үлесін қосады деген сенім зор.
Еліміздегі ең ұзын өзен — Ертіс бойымен кеме қатынасын дамыту төңірегінде бүгінде аз айтылып жүрген жоқ. Алайда бұл бағытта атқарылып жатқан істер тым мардымсыз.
Мемлекеттік техникалық флоттың, жағалаудағы көлік инфрақұрылымдары мен шлюздердің тозуы өзендегі кемелерді өткізу қабілетін барынша төмендетіп жіберген.
Ішкі көлік саласындағы бұл түйткілді тарқату бүгінде мамандардың бас ауруына айналып отыр. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының кезекті форумында Омбы облысының губернаторы Ертісте кеме қатынасын дамытуды ұсынғаны да есімізде.
Трансшекаралық өзен арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы қазіргі күні небәрі 150-200 мың тоннадан (Павлодар облысы бойынша) аспайды. Бұл мәселені реттеу үшін қос елдің басшылары Ертіс өзеніндегі бірқатар мәселелерді реттеу бойынша шешімдер қабылдауы керек.
Яғни гидротехникалық құрылыстарды салу, өзеннің түбін тереңдету, инфрақұрылымдарды дамытудың бірлескен жобалары қабылданса құп. Алайда бұл ұсыныстар сөз жүзінде қала беруде.
Еліміздің Көлік министрлігі 2027 жылы өзен арқылы тасымалданатын жүк көлемін үш есеге ұлғайтуды көздеп отыр. Былтырғы өзен навигациясында 1,6 млн тонна жүк өзендердің үстімен тасымалданса, оның 90 пайыздан астамы Ертіс су бассейніне тиесілі болған.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында су жолдарын дамытуға тапсырма берген. Жауапты министрлік көп ұзамай өзен флотын өркендетуге 64 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады.
Алайда содан бері жыл өткенімен, ел бойынша оң нәтиже байқалмай тұр. Өзен жағалаулары, көлік инфрақұрылымы, шлюздер бойынша жаңару іс-шаралары қолға алынуы керек еді. Өкінішке қарай, Павлодар облысынан бұл бағытта сапалы жұмыс көрінбейді.
«Мамандардың сөзіне сүйенсек, өзен үстімен жүк тасу автокөлік тасымалына қарағанда әлдеқайда арзан. Сонау кеңес заманында Ертіс өзеніндегі тасымал әлеуетін кеңінен дамытуға мән берілді. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары жылына 9 млн тоннаға дейін жүк жеткізілген. Павлодар мен Омбы арасында үлкен паром-баржалар сирек те болса жүк тасып жүргені байқалады. Үкімет мүшелері бұл жайлы аз білетін болар деп ойлаймын. Өңірлік билік бұған мүдделі болса, өзен арқылы Ресеймен тұрақты алыс-берісті жолға қоюға болар еді», дейді ол.
«Қазфлот» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Виктор Поднебесов қарауындағы кәсіпорын Ертіс өзені арқылы жылына 150 мың тонна құрылысқа арналған қиыршық тас тасымалдайтынын жеткізді.
Керекуден Ресейге бүгінде су жолы арқылы негізінен құм мен қиыршық тас қана тасымалданады. Анау бір жылдары компания көрші елге тұз, құм, ағаш бөренелерін тасып тұрыпты.
Одан соң екі тараптың арасында заңнамалық тұрғыдан мораторийлер енгізіліп, тасымалдануға жататын жүк түрлері өте азайып кеткен.
Соның салдарынан «Қазфлоттың» үш мың тонналық баржалары бүгінде Ресейден бос қайтып жүр.
Ертістегі кеме флотының өкілдері өзеннің жоғарғы бөлігі, Қытай жағына да көз тігіп отырғанын айтайық.
Келешекте көрші елден сұраныс болатын болса, Ертістің үстімен жүк кемелері жүретіндей жағдай тудыруға әбден болады деп есептейді мамандар.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы кеме жолдарының жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асады.
Бұл салада Ресей және Қытай мемлекеттерімен арадағы сауда-экономикалық байланыстарды еселеудің игерілмеген тың әлеуеті жатыр.