Ертуған Зейнуллинов әлем чемпионатының қола жүлдегері болды

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) шаршы алаңға шықты.

Ертуған Зейнуллинов жартылай финалға шықты
Фото: Қазақстан ҰОК

Отандасымыз жартылай финалда ресейлік Илья Поповпен қолғап түйістірді. Алғашқы минуттан қарсыласына көбірек соққы жұмсаған қазақстандық боксшы бірінші раундты 4:1 есебімен аяқтады. Дегенмен одан кейінгі раундтарда төрешілер шешімімен жеңіс ресейлік боксшыға берілді. Салдарынан Ертуған қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созды.

Енді қазақстандық боксшылар арасынан Абылайхан Жүсіпов (71 келі) шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, бүгін Сабыржан Аққалықов (75 келі) жартылай финалдағы қарсыласы өзбекстандық Фазлиддин Еркинбоевтың жарысты жалғастырудан бас тартуына байланысты бірден финалға шықты.

Сондай-ақ Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі) енді әлем чемпионатында алтынға таласады. 

Ал Теміртас Жүсіпов (48 келі) жартылай финалда ресейлік Эдмонд Худоянға есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Ал қазақстандық Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) жарысты ерте аяқтады.

Соңғы жаңалықтар