Ертуған Зейнуллинов бокстан әлем чемпионатында жүлдеге таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан ширек финалда Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қарсыласынан басым түсті.
Отандасымыз бұл жолы израильдік Ахмад Штивимен қолғап түйістірді. Алғашқы екі раунд та қазақстандық боксшының пайдасына шешілді. Шешуші раундта да қарсыласы қауқар көрсете алған жоқ. Нәтижесінде Ертуған Зейнуллинов ½ финалға жолдама алды.
Енді ел құрамасынан Абылайхан Жүсіпов (71 келі) шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі) жартылай финалға шықты.
Ал Даниял Сәбит (51 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ширек финалда сүрінді.
Еске салсақ, 9 желтоқсанда әлем чемпионаты 1/8 финалында Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) қарсыластарына есе жіберді.
IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.