Ержет Жарлықасын грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдесін алды
АСТАНА. KAZINFORM – Тиранада (Албания) грек-рим күресінен олимпиадалық емес салмақтарда өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ержет Жарлықасын күміс жүлдегер атанды.
Ержет Жарлықасын 63 келіге дейінгі салмақта финалда әзербайжандық Нихат Маммадлимен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Ержет биыл Азия біріншілігінде үздік шықса, Нихат бұған дейін екі мәрте Еуропада топ жарып, 2022 жылы 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған екен.
Бірінші кезеңде төреші Ержетке бір ұпай беріп, қарсыласын төрттағанға қойғанымен, қазақстандық балуан ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Екінші кезеңде өзі әдіс жасаймын деп, Нихаттың ұпай алуына жол беріп қойды - 1:6.
Осылайша, Е.Жарлықасынға күміс жүлде бұйырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ержет Жарлықасынның грек-рим күресінен әлем чемпионатының финалында өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жәмила Бақбергенова үшінші рет әлем чемпионатының финалына шықты.