Есбол Сұлтанов: елімізге тарихи медаль сыйлау басты арманым
АСТАНА.KAZINFORM — Таэквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында, еліміздегі таэквондо спортының дамуы жайында сөз қозғады.

Ұлттық құрама бас бапкері дайындық деңгейі және кемшіліктер туралы айтты.
— Дайындық жақсы деңгейде өтті. Алайда сыртта жүргенде кейбір жетпей жатқан кемшін тұстар көрінді. Олардың қатарында, дайындық барысы және бағдарламалары, сонымен қатар ішкі жарыстар бар. Қазіргі уақытта, федерация басшылығымен барлық ішкі жарыстарды реттеп, спортшылардың арасындағы бәсекелестікті арттыруға ат салысып жатырмыз. Бұл бапкерлер үшін өте маңызды. Себебі ұлттық құрама спортшылары мен жас спортшылардың деңгейін қарауымыз керек, — деді ол.
Сұлтановтың айтуынша, елімізде талантты жас спортшылар көп.
— Спортшылар туралы айтар болсам, талантты жастар бар. Спортшыларымыз жақында өткен Универсиада ойындары, Азия және Әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетті. Шетелде, оның ішінде Тунисте бас бапкер болып жұмыс істедім. Арманым, елімізден чемпиондар шығарып, тарихи жеңіске қол жеткізу, — деді бапкер.
Айта кетейік, 14–16 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ересектер, жасөспірімдер және кадеттер арасында таэквондодан Kazakhstan Open 2025 (G-1) халықаралық рейтингілік турнирі өтеді.