Есентай өзенінде көлікпен жүрген 17 жастағы жасөспірім 5 бап бойынша жауапкершілікке тартылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Есентай өзенінің арнасына көлікпен кірген жүргізуші жауапқа тартылды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Есентай өзенінің арнасына Toyota маркалы автокөлікпен кірген жүргізушіні анықталды. Ол — 17 жастағы жасөспірім. Полиция барлық құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттама толтырды:
— ҚР ӘҚбК-нің 442 бабы — Сыртқы жарық түсіру құрылғыларын пайдалану ережелерін бұзу (маячоктарды заңсыз орнату);
— ҚР ӘҚбК-нің 590 бабы 1 бөлігі — Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ көлік құралын басқару;
— ҚР ӘҚбК-нің 505 бабы — Қаланы абаттандыру қағидаларын бұзу (өзен арнасына көлікпен кіру);
— ҚР ӘҚбК-нік 603 бабы 1 бөлігі — Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу;
— ҚР ӘҚбК-нің 612 бабы 2 бөлігі — Кәмелетке толмаған адамның жол қозғалысы ережелерін бұзуы.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі ретінде анасы да оның тәрбиесіне тиісті деңгейде мән бермегені үшін жауапкершілікке тартылды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
— Профилактика жылы аясында Алматы полициясы заңдылық пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Мұндай әрекеттер адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан әрбір адамның, әсіресе ата-аналардың бала тәрбиесі мен тәртібіне жеке жауапкершілігі маңызды. Ересектерді мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеуге шақырамыз, — деді Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Еске салайық, бұған дейін алматылық жүргізушінің көлігімен Есентай өзенінде жүрген видеосы тарағанын жазғанбыз.