Есеп комитеті 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Парламентке есеп ұсынды

None
None
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Есеп комитеті 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Парламентке есеп ұсынды.
Бұл Үкіметтің есебіне қорытынды болып табылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат осы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз қызметінің мәліметінше, есептің бірінші бөлімінде республикалық бюджеттің, «2008 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Заңның бюджет жүйесінің қағидаттарына сай орындалуына баға берілген. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспары, сондай-ақ экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің бірлескен іс-қимыл жоспары аясында дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік қаржы көлемі жайлы ақпараттар көрініс тапқан.Республикалық бюджетке түскен қаржы түсімдерінің көлемі мен қарқынын, салықтық, кедендік және басқа төлемдердің толық әрі уақтылы түсуін талдау, салықтық және кедендік әкімшіліндірудің тиімділігін бағалау жөніндегі тексерудің нәтижелері екінші бөлімде айтылған. Үшінші бөлім республикалық бюджеттің шығыс бөлігіндегі негізгі параметрлердің атқарылуының нәтижелерін, бағдарламалық құжаттардың іске асырылу тиімділігіне берілген бағалауды, трансферттердің пайдаланылуын, ілкі жобалардың құрамына кірген министрліктердің стратегиялық жоспарларын іске асыру кезінде бюджеттік бағдарламалардың орындалуының қорытындысын қамтиды. Мемлекеттің дағдарысқа қарсы қабылдап жатқан шараларының маңыздылығын ескере отырып, төртінші бөлімде экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыруға бөлінген бюджет қаражатының пайдалану тиімділігі бағаланған және талдау жасалған. Оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге бағытталған қаражаттың пайдалану тиімділігіне баға берілген. Бесінші бөлімде Есеп комитетінің есепті кезеңдегі қызметінің қорытындысы беріліп, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының сақталуына, ұсынымдардың орындалуына баға берілген, сондай-ақ мәслихаттардың тексеру комиссияларымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылдар туралы ақпарат келтірілген.Есеп комитетінің 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты тұжырымдары, әлемді жайлаған қаржы дағдарысы жағдайында қаржылық тәртіпті жақсартуға, мемлекеттің материалдық және қаржы активтерін басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстары алтыншы бөлімде қамтылған. «Есеп комитеті Бюджет кодексінің 141-бабына сәйкес, өзіндік мазмұны жағынан Үкіметтің есебі бойынша қорытынды болып табылатын 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы өткен қаржылық жыл есебін 15 мамырға дейін Парламентке ұсынады. ҚР Конституцияның 53 бабына сәйкес, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет пен Есеп комитетінің республикалық бюджеттің орындалуы туралы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есебін бекітеді», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде. Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады, ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.
Соңғы жаңалықтар