Есеп комитеті «ҚазАгро» холдингіне агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруды ұсынады

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» ұлттық холдингі экономиканы тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспары аясында агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын іске асыруға бөлінген Ұлттық қор қаражатын жеткілікті дәрежеде тиімді пайдаланбай отыр.
None
None

Бұл ақпаратты Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметі таратып отыр.

«Есеп комитеті «ҚазАгро» ұлттық холдингінің инвестициялық саясатының жетілдірілмегендігін атап өтеді. Кредит берілетін жобаларға сараптама сапалы жүргізілмеген. Инвестициялық жобалардың іске асырылуына тиісті мониторинг пен бақылау болмағандықтан, оларды іске асыру мерзімдері кешіктірілген. 2010 жылғы қаңтардің 1-інде 2009-2010 жылдарға жоспарланған 82 жобаның іс жүзінде тек 20-сы ғана іске асырыла бастаған», делінген баспасөз баянында.

Ведомствоның ақпараты бойынша, «ҚазАгро» ұлттық холдингі Ұлттық қордың инвестициялық жобаларды іске асыруға уақытша тартылмаған қаражатын ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді кредиттеуге қарыздар түрінде берген. Шығындарды айқындау тетігі мен әдістемесі жетілдірілмегендіктен, холдинг кредит қаражатын жүйесіз берген. Агроөнеркәсіптік кешеннің жекелеген субъектілерін қаржыландыру көлемін асырып көрсету жағдайларына жол берілген. Сонымен қатар аффилиирленген тұлғаларға кредит беру фактілері анықталды.

Ұлттық қордан қарызға алынған облигациялық қарыз қаражаты түпкілікті қарыз алушыларға - агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жылдық 12 пайыздық ставка бойынша берілген. Сонымен қатар, сыйақы ставкасы «ҚазАгро» ұлттық холдингі деңгейінде - 1,02, еншілес ұйымдар деңгейінде 6,98 пайыз мөлшерінде белгіленген.

«Есеп комитеті Үкіметке шығындарды айқындаудың нормативтік әдісінің негізінде мемлекеттік, бюджеттік бағдарламаларды және басқа да инвестициялық жобаларды іске асыру үшін квазимемлекеттік секторға Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қатаң бақылау орнатуды ұсынады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне және «ҚазАгро» ұлттық холдингіне агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, әсіресе басым инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған қаражатты басқару тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар берілді. Агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа нысандарын жедел пайдалануға беру бірқатар азық-түлік тауарларының импортына еліміздің тәуелділігін төмендетуге септігін тигізуі тиіс», делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар