Есеп комитеті мен USAID мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істейтін болады
Бұл туралы ҚазАқпарат Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Есеп комитетінің Төрағасы Омархан Өксікбаев пен USAID-тің экономикалық реформалар арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру жобасының жетекшісі Брюс Рид ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, USAID-тің жобасы Есеп комитетінің институцианалдық әлеуетін нығайтуға, мемлекеттік қаржылық бақылаудың жүйесін жақсартуға жәрдемдесетін болады. Астана қаласында Мемлекеттік сектордың аудиторларын өңірлік оқыту орталығын құруға қолдау көрсету қарастырылған», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сонымен бірге, Тараптар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің дамуы тұжырымдамасының жобасын дайындау мәселелері жөнінде өзара бірлескен жұмыстар жасауға ниетті екендіктерін білдірді. Бұдан бөлек, USAID-тің жобасы Жергілікті деңгейде тәуелсіз сыртқы қаржылық бақылауды ұйымдастыру тұжырымдамасының жобасына ұсыныстар дайындайды.
Келісім аясында жоғары аудит институттарының халықаралық стандарттарына сәйкес мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын одан ары жетілдіру жоспарлануда. USAID жобасы мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын іске асыру, мемлекеттік секторда қаржылық есеп-қисаптың халықаралық стандарттарын енгізу тиімділігін бағалау, салық аудиті, алаяқтық фактілерін ескерту және анықтау мәселелері бойынша мемлекеттік аудиторларға тренингтер өткізеді. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың әдістемесін жетілдіру мақсатында мемлекеттік аудитті жүзеге асырудың халықаралық тәжірибесі ұсынылатын болады.