Есеп комитеті Үкіметке салалық бағдарламалардың негізінде мәдениетті дамытудың бірыңғай стратегиялық жоспарын бекітуді ұсынды

АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат. Мәдениет және ақпарат министрлігіне 2006-2008 жылдары мәдениет объектілерін дамытуға, мәдени мұраны сақтауға, мәдени іс-шараларды өткізуге бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде 1,7 млрд. теңгенің заң бұзушылықтарына жол берілгені анықталды.
None
None
Соның ішінде 314,1 млн. теңге тиімсіз, 1,1 млрд. теңге мақсатсыз, 142,1 млн. теңге негізсіз жұмсалған және 131 млн. теңге өзге де заң талаптарын бұзу арқылы пайдаланылған, деп хабарлады ҚазАқпаратқа Есеп комитетінің баспасөз қызметі.Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі мәдениетті дамытудың бірыңғай стратегиялық жоспарының жоқтығына әрі қаржының уақтылы игерілмеуіне байланысты едәуір төмендеген.Мәселен, Көне Отырарды қалпына келтірудің 2005-2009 жылдарға арналған салалық бағдарламасының мақсаты мен міндеттері 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын қайталайды. 2005-2008 жылдары аталған салалық бағдарлама тиімсіз іске асырылып, толық көлемінде орындалмаған. Құрылыс объектілерін қаржыландыру жергілікті әрі республикалық бюджеттен қарастырылғандықтан, қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша үйлестіру жұмыстары нашар жүргізілген. Сол себепті бағдарламаның іс-шаралар жоспарының 8 тармағы орындалмай қалған.Мәдениет саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған салалық бағдарламасы шеңберінде реставрациялық жұмыстар бойынша нормативтер әзірленбеген.Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік жиынтық тізімі бекітілмеген. Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет саласын дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған салалық бағдарламасы аясында өңірлердегі кесенелер мен мешіттерді қалпына келтіруге 93,5 млн. теңге бөлген. «Қазреставрация» РМК 2007-2008 жылдары Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге, Дамаск қаласында (Сирия) этномәдени орталығы мен әл-Фараби кесенесін салуға және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қалпына келтіруге бөлінген қаражатты игермеген. Оның бір себебі ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдердің уақтылы бекітілмеуі болып отыр.2007-2008 жылдары «Еуразия» халықаралық кинофестивалін өткізу барысында «Қазақфильм» АҚ осы фестивальға шақырылған шетелдік актерлерге жалпы сомасы 87,1 млн. теңгеге жоғары қаламақы төлеген. Бұл ретте актерлардың қаламақы ставкаларын айқындайтын нормативтік құжаттар әзірленбеген. Алматы облысында «Eciк» және Шығыс Қазақстан облысында «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорықтарының құрылысы пайдалануға беру мерзімінен кешіктірілген. Аталған объектілерді жасауға 175 млн. теңге бөлінген болатын. «ҚР мемлекеттік тілі» порталы тексеру кезінде жұмыс істемей тұрған және Интернет желісі арқылы оған кіруге мүмкіндік болған жоқ, себебі мердігер «Bimash» ЖШС өз қызметін дер кезінде көрсетпеген әрі сапасыз көрсеткен. «ҚР мемлекеттік тілі» порталын жасауға 2007 жылы 66 млн. теңге жұмсалған.Есеп комитеті Үкіметке салалық бағдарламалардың негізінде мәдениетті дамытудың бірыңғай стратегиялық жоспарын бекітуді ұсынды. Сонымен қатар әлеуметтік-маңызды іс-шараларды, оның ішінде «Еуразия» халықаралық кинофестивалін өткізу кезіндегі норма шығыстарын айқындайтын ережені, қаламақы төлеу тәртібін әзірлеу жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ Есеп комитеті Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік жиынтық тізімін бекітуді ұсынды. Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады, ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді .
Соңғы жаңалықтар