Ешбір аударма Абайдың не айтқысы келетінін жеткізе алмайды – ҚХА мүшесі
«Ұлы Абайдың 175 жылдығын атап отырған біз оның еңбектерін қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне қосқан үлесі үшін құрмет тұтамыз. Абайдың өлеңдері кез келген адамның жүрегіне жол тартады. Шын мәнінде ұлы ойшылдың шығармаларымен таныса отырып өз жанымызды түсіне бастаймыз. Абай бүкіл ғұмырын әділдік, ізгілік іздеуге арнады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Бұл – ерекше күш беретін, терең мағыналы сөз. Мен оның осы ұстанымын өз өмірімде қолданамын», - дейді Шерзор Пулатов.
Оның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ХХІ ғасырдағы Абай және Қазақстан» атты мақаласында қазақ халқының алдында ұлы Абайдың еңбектерін зерделеп, өзін өзі танып және қазақ халқының құндылықтарын әлемдік мәдениетке таныту міндеті тұрғанын айтқан.
«Абай өз туындылары арқылы түрлі саладағы кемшіліктерге тоқталып өтеді. Бұл – қазақ халқына ғана емес, адамзатқа тән нәрсе болып қала береді. Қазақ әдебиетінің негізін қалауші түркі халықтарының тілдерін зерттеуді жақсы көргенін атап өткен жөн. Ешбір аударма ойшылдың не айтқысы келгенін толық жеткізе алмайды. Бүгін тұсауы кесілетін кітап – өте мазмұнды және жоғары баға беруге болатын туынды. Кітапты шығаруға атсалысқандардың бәріне алғыс айтамын», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Facebook-тегі Қазақстан халқы Ассамблеясының парақшасында Абай туралы «Әлемді аялаған сөз» атты кітаптың тұсаукесері болды.