Ешқандай түсініспеушілікті байқамадық - Латвия мен Литва байқаушылары
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін күні бойы елордадағы бірнеше сайлау учаскелерін аралаған Латвия мен Литва елдерінің байқаушылары еліміздегі сайлау процесіне қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Латвия сеймісінің депутаты, «Латвия үшін шын жүректен» партиясының негізін қалаушысы әрі көшбасшысы, Еуропарламентке кандидат Ингуна Судраба елордада өткен байқаушылар брифингінде Қазақстандағы президент сайлауына осымен екінші мәрте келіп отырғанын айтты.
«Сайлау процедурасы бұрынғыдан қарағанда жақсара түскені байқалады. Біз бірнеше сайлау учаскесін аралап, ол жерлерде қызметкерлер өз міндеттемелерін жақсы білетініне көз жеткіздік. Кезек ұзақ болғанымен, халық сабырлы күйде келіп, өзін мазалаған сұрақтарға жауап алып кетті. Яғни, адамдардың бәрі де жоғары дәрежеде дайындалып, өзіне жүктелген міндетті жақсы түсініп отырғанын аңғаруға болады», - деді Ингуна Судраба.
Латвиялық байқаушының сөзін Литва Сеймісінің депутаты Юлиус Сабатаускас жалғастырып, сайлау учаскесінде студенттерді көптеп көргенін жеткізді.
«Біз жастармен тілдестік. Ең бастысы, сайлау учаскесінде жүргенімізде халықтың 60 пайыздан астамы дауыс беріп қойғандығын ақпарат көздерінен оқып білдік. Бірақ, біздің елден бір айырмашылығы: Литвада егер бір адам сайлау күні дауыс бере алмаса, алдын ала өзі таңдаған кандидатқа дауыс беру мүмкіндігі бар. Бұл жерде тәртіп басқаша екен. Десе де, сайлау учаскелеріне барған кезімізде процестің тыныш әрі бейбіт өтіп жатқанын көрдік. Ешқандай тәртіпсіздік немесе түсініспеушілік жоқ. Комиссия нені қалай жасау керектігін жақсы меңгерген», - деді Юлиус Сабатаускас.
Айта кетсек, сайлау туралы пікірін осы уақытқа дейін Польша, Румыния, Ресей елдерінің байқаушылары білдірген болатын.
Осыған дейін Қазақстан сайлаушыларының 72,9 пайызы дауыс берді.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау процесі өтіп жатыр. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.