Ешкім уақытынан ерте су есептеуіш құралын ауыстыруға мәжбүрлей алмайды - С.Шағыров

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Соңғы кездері Алматыда осы мәселе төңірегінде шағым білдірушілер көбейді. Тұрғындардың айтуынша, белгісіз біреулер су есептеу құралының ескіргенін айтып, ертерек ауыстыруға мәжбүрлейтін көрінеді, - деді «Бастау» МКК баспасөз хатшысы Серік Шағыров.

Арнайы қызмет өкілдерінің айтуынша, есептеу құралдарының ескіргендігі туралы мәлімет көбіне жалған болып шығады. «Қазір су есептеуіш құралдарын ауыстыру қызметімен айналысатын жеке компаниялар мен фирмалар көп. Бұл олардың агрессивті жарнамасы болуы да мүмкін. Сонымен қатар, қалалық әлеуметтік жұмыспен қамту басқармасы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға су есептеу құралын ауыстыруға 2 АЕК мөлшерінде өтемақы бөлуде. Осы мәселені алға тартып, халық арасында дүрбелең туғызып жүргендер бар», - деді Серік Шағыров. «Алматы су» Холдингі мамандары тұтынушыларға есептеу құралын тексеру уақыты құралдың паспортында жазылғандығын ескертеді. Сонымен қатар, ауыстыру уақыты жетпей тұрып, «Алсеко» АҚ квитанцияларында су есептеуіштерін ауыстыру қажеттігі ескертілетін болады. Есептеу құралын ауыстырып, тексеруге осы қызметпен айналысуға рұқсат беретін лицензиясы бар компаниялар ғана құқылы. Сәйкесінше олар демонтаждау, болмаса монтаждау актісінің көшірмесін тұтынушыға қалдыруға міндетті.

Соңғы жаңалықтар