Есіл қаласындағы астық компаниясынан 9,5 млн. теңге ұрланды - Ақмола облысы

АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - ІІМ криминалдық полиция комитетінің қызметкерлері Ақмола облысының полицейлерімен бірлесе отырып, Есіл қаласында жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында астық компанияларының бірінен ірі көлемде ақша ұрлаған екі қала тұрғынын қолға түсірді.

Есіл қаласындағы астық компаниясынан 9,5 млн. теңге ұрланды - Ақмола облысы

Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Н. Ораздың айтуынша, ақпан айының аяғында фирма күзетшісі белгісіз біреулердің пластикалық терезені күштеп ашу арқылы зертхана ғимаратына кіріп, 9,5 миллион теңгені қолды қылғандығын Есіл аудандық ішкі істер бөліміне хабарлаған. Шұғыл оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктілердің зертханаға бірінші қабаттағы торланбаған терезе арқылы кіріп, меңгеруші кабинетінде орналасқан сейфтегі ақшаны қолды қылғандығын анықтады. Тексеріс жүргізу барысында сейф кілтінің күні бұрын құлып ұңғысында қалып қойғандығы белгілі болды. Ұсталғандар уақытша қамау абақтысына жабылды. Тергеу амалдары жалғасуда.