Есілде бұзақы балалар «Астана-Мәскеу» жолаушылар пойызының терезесін сындырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында кәмелеттік жасқа толмаған балалар «Астана-Мәскеу» жолаушылар пойызының терезесін сындырды.

Есілде бұзақы балалар «Астана-Мәскеу» жолаушылар пойызының терезесін сындырды

«2015 жылдың 7 шілдесі күні сағат 17:00 кезінде Астана стансасындағы Ішкі істер желілік басқармасына Есіл стансасындағы ЖПб кезекшісінің инспекторы полиция капитаны Даулетбаев К.-дан «Есіл-Сұрған» айналымының 429 шақырымында «Астана-Мәскеу» бағытындағы жолаушылар пойызының 10 вагонының 1 купесінің терезесін белгісіз біреулердің шағып кеткендігі туралы ақпарат келіп түсті, деп хабарлады Астана стансасындағы ІІЖБ ӘПБ бастығы А. Қилыбаев.

Абырой болғанда, терезе шағылған кезде купеде болған жолаушылардың денсаулығына залал келген жоқ.

Аталған факт бойынша Есіл стансасындағы ЖПб қызметкерлері дереу оқиға орынына жетіп, жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында осы әрекетті жасаған 4 кәмелеттік жасқа толмаған баланы анықтады. Олардың барлығы Есіл қаласының мектептерінде оқитын 6 және 7 сынып оқушылары болып шықты.

Қазір осы аталған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-ның 448 бабы 1 тармағы (жасөспірімдер вандализмі) бойынша әкімшілік өндіріс басталып, Ақмола облыстық мамандандырылған ауданаралық Ювеналдық сотқа жолдау үшін материалдар дайындалуда. Енді ата-аналар жолаушылар тасымалы филиалына сынған терезенің шығынын төлеп беруге міндетті болмақ.