Есілдің ертеңі елеңдетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағында сексен бес мыңнан аса ірілі-ұсақты өзен болса, соның жетеуі ғана (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) мың шақырымнан астам аумаққа созыла ағады. Соның ішінде бас қаламыз - Астананы қақ жарып есіле ағатын Есіл өзенінің еліміздегі нақты ұзындығы - 1400 шақырым. Ол өзінің бастауын Сарыарқадағы Нияз тауынан алады, Батыс Сібірге жеткенде Ертіске қосылатын өзеннің ұзындығы - 2450 шақырым. Яғни, Ертіс өзенінің сол жақ саласы болып табылатын Есіл Обь өзені жүйесіне жатады.
None
None

Қазақстанда Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Ресейдің Тюмень, Омбы облыстарының жерімен ағады. Есілдің енінің көлемі 50-70 метрден аспайды, тереңдігі 2 метр ғана, алайда кей жерлерінде 18 метрге дейін жететін терең тұстары да кездеседі. Өзен ағысы баяу, бірақ 80%-дайы қар суымен толығатындықтан, көктемге салым деңгейі көтерілетін кездері байқалып қалады. Құрғақшылық жылдары суы азайып, тіпті, 1937 жылы арнасы кеуіп, ал 1936-1939 жылдар аралығында және 1986 жылы түбіне дейін қатып қалған. Су жинайтын алабы құрғақ болуына және жер асты суларының тұздылығына байланысты Есіл минералдылығы жоғары өзендердің қатарында.

Ғалымдардың айтуынша, өзеннің қос қапталынан табылған тас құралдар көне дәуір адамдарының аң аулап, тері илеу кәсібімен шұғылданғанын дәлелдейді. Егіншілік мәдениеті бұл өңірде біздің дәуірімізден бұрынғы VІІІ-V ғасырларда пайда болған. Сол заманда қоладан соғылған орақтар мен топырақ өңдейтін құралдар Астана маңынан табылды. Есіл маңындағы далада бабаларымыз сол кезде-ақ мал ұстаған. Бұған Атбасар маңынан табылған жәдігерлер дәлел. Бас қаламыз Астананың қарқынды өсіп-дамуы Ақмола облысының аумағына техногенді жүктеменің артуын әкелді. Бұл өз кезегінде осы аймақтағы бірегей ірі су жүйесі - Есіл бассейніне түсетін салмақты да арттырды. Себебі, соңғы жылдары оның халық шаруашылығы үшін мән-маңызы арта түсуде. Оның суы сумен жабдықтау және суару үшін пайдаланылады. Өзен бойындағы ауылдық жерлердегі тұрғындар өзен суын шаруашылық мақсатында ғана емес, ауыз су ретінде де пайдаланады. Өзен суын реттеп отыру үшін 1969 жылы қала халқы ауыз суын алып отырған, қазір «Астаналық» аталған, бұрынғы «Вячеславка» су бөгені және Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Сергеев, қазіргі Шал ақын ауданында Сергеев, Петропавл бөгендері салынған. Өзеннің жоғарғы сағаларында «Астаналық» су қоймасы, ортаңғы ағысында Сергеев су қоймасы пайдаланылады, Булаев, Преснов, Мамлют аудандары мен басқа да ауыл шаруашылық су жүйелері пайдаланады.

1998 жылы Есілдің бойындағы қала ел астанасы атанғанда елорданың ерке өзенінің жағалауын көркейту қолға алынды. Есіл жағалауы қала халқы мен қонақтарының демалып, қайықпен серуендейтін жеріне айналды. Астана қаласының әкімшілік шекарасы шегінде Кенесары айлағынан басталып, сол жағалауға дейін 45 минутқа созылатын туристік су жолы ашылды. Әсіресе, жыл он екі ай Есілге қармақ салған балықшылар үшін өзеннің орны бөлек. Бұл тұрғыдан алғанда, Есіл өзені шортан, тұқы, сазан, ақ шабағымен бай. Есілдің балық ресурстарын молайту мақсатында жыл сайын өзен бағалы балық түрлерімен толықтырылып отырады. Балық демекші, 2013 жылдың көктемінде Астана тұрғындары салмағы 3-4 келіге дейін жететін алабұға, көксерке, шортан секілді өлі балықтардың Есіл жағасына шығып қалып жатқандарына куә болды. Оның себебін мамандар қыста қалың мұз астында қалған балықтарға ауаның жетпей қалуымен түсіндірді. Ал өзен арнасының астын қажетті ауамен қамтамасыз ету үшін мұзда скавжиналар мен арнайы құдықтар ою керек екен. Бірақ мамандар қыстағы қатты аяздың кесірінен бұл мүмкін болмады, себебі, кей жерлерде мұздың қалыңдығы 1,5 метрге дейін жеткен деген уәждерін жеткізді. Бұл жерде «қазіргі техника мен озық технологиялар күннен-күнге қарыштап жатқан заманда небәрі 1,5 метрлік мұзда ойық жасайтын, сөйтіп балықтардың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз ететін құралдың (техниканың) болмағаны ма?» деген ой еріксіз туындайды. Әлде бұл жаратқанның несібесіне бейжайлықтың, табиғат тартуына немқұрайдылықтың тағы бір көрінісі ме?!

Экологтар еліміздегі ең көп ластанып жатқан өзендер қатарында Елек, Нұра, Іле, Ертіс, Сырдариямен қоса Есілді де атайды, оның жағдайы «орташа ластанған» дәрежеде деп бағалануда. Оған сеп те, себеп те болып жатқан тек өзіміз. Аймақта өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық секторының, тұрмыстық-коммуналдық саланың дамуы өзеннің осы салалардың қалдық суларымен ластануына әкелуде. Мәселен, биыл жазда Петропавл кәсіпорындары ластанған ағын суларын өз аймағындағы Есіл өзеніне ағызғаны анықталды. Қоршаған ортаға келтірілген шығын 6,5 миллион теңгеден асқан. Тексеріс қызметі қалалық ағын суды тазалауы тиіс кәсіпорынның (!) су қоймасына жеткілікті тазартылмаған суларды ағызып, су ресурстарын өздері ластағанын көрсетті. «Тазартылған суды бөлістіру және су жіберу құрылғылары» мекемесінен 09.06. 2014 ж. алынған ағызылған ағын суды зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша фосфаттың нақты шоғырлануы белгіленген нормадан 2,36 есеге асып түскені анықталды. Қоршаған ортаға келтірілген залал 1 млн. 180 мың 783 теңгені құрады», - дейді облыстың мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Вячеслав Банковский.

Сондай-ақ прокурорлық тексеріс Петропавлды таза ауызсумен қамтамасыз ететін «Қызылжар су» ЖШС-ның ағын суды апатты ағызу фактісін анықтаған. Су сынамаларын талдау нәтижесі бойынша зиянды заттардың шекті шоғырын арттыратын ағын су 31000 текше метр көлемінде тасталған. Салдарынан, Есіл өзенінің су ресурстарын ластаудан келген шығын көлемі 5 млн. 436 мың 599 теңгені құраған.

Қала тұрғындарының айтуынша, елордалық коммуналдық қызмет жұмыскерлері Есілдің үстінен салынған көпірлерді қыста қардан тазарту, жазда сыпыру кезінде сол өткел бетіне жиналған лас қарды немесе шаң-тозаңды өзенге тастай салады екен. Бұл осы көпірдің үстімен жүретін көліктердің дөңгелегіне жабысқан барлық шаң-тозаң, жанармай мен мазут қалдықтары өзенге түсіп, оны ластайды деген сөз. Соның кесірінен көктем уақытында көпірлер маңындағы өзен бетінде қыста биіктігі бір метрге дейін жететін лас қар үйіліп қалады. Оның үстіне кейбір қала тұрғындарының да қолындағы қоқысты Есілге лақтыра салатын қатыгездігін қосыңыз. Ал осының бәрі қар суы еріп, өзенге қосылғанда арты не боларын бағамдай беріңіз.

Есіл өзенінің елордадағы екі арнасы - Сарыбұлақ пен Ақбұлақ. Ақбұлақтың жағалауы қала тұрғындары серуендейтін абаттандырылған көрікті жерге айналды. Ал Сарыбұлақтың экологиялық жағдайы алаңдатады. Адамдардың мұнда тастаған қоқыстарымен ауыр металдар, улы заттар Есілдің суына түседі. Себебі, екі бұлақ та Есілге құяды. Сондықтан суларды ластанудан қорғау үшін олардың жағалауларында арнайы алаңдар жабдықталуы тиіс. Сондай-ақ ағаш отырғызып, гүл егіп, лас судың ағынына қорған салу қажет.

Әрі, Есілдің су қорын пайдалану мен қорғау саласында мемлекеттік басқару мен бақылау жүргізетін мекемелер тұрғындарға су жүйесін ластағандары үшін айыппұл салумен ғана шектелмей, Есіл экологиясына қатысты белгілі бір шаралар өткізу, өзеннің ластануының өздеріне тигізетін зардаптары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі аса қажет-ақ. Яғни су қорын пайдалану мен қорғауға, су нысандарын қалпына келтіру, суды пайдалануға рұқсат беру жұмыстарымен айналысатын олар өзеннің жай-күйіне әсер ететін өндірістік, ауыл шаруашылық факторлардың және тұрғын үйлер мен ғимараттардың, өндіріс орындарының қоршаған ортаға зиянын анықтап, оның жолын кесетін шараларды тиісті деңгейде үйлестіріп отыруы тиіс.

БҰҰ мәліметтеріне сүйнесек, бүгінде жер шарындағы әрбір алтыншы тұрғын таза ауызсу тапшылығын сезінуде. Ал 2025 жылы жер бетіндегі мемлекеттердің жартысынан астамы ауыз судың жетіспеуінен зардап шегеді. Демек ел ырзығы - Есілдің суын ел болып қорғап, сақтап қалуға барынша күш-жігер салуымыз керек. Яғни өзен-көлдерімізге, оның ішінде «елорданың мөлдір алқасы» Есілдің жай-күйіне қазір көңіл бөлмесек, оның ластануы ауаның ластанып, балықтардың, басқа да су жануарларының өлім-жітімге ұшырауына әкелетінін, сөйтіп экожүйеге орасан зор зиянын келтіретінін ескеруіміз керек. Ол зардаптың соңы сол өзеннің суына шомылып, балығын аулауды нәсіп еткен бізге ғана емес, келешек ұрпаққа да кеселін тигізері сөзсіз. Міне, экологияның осылай нашарлап, су сапасының төмендеуі салдарынан соңғы жылдары еліміздің жалпы солтүстік өңірлерінде түрлі аурулардың, оның ішінде әсіресе, қатерлі ісік сырқаттарының дендеп бара жатқанына да бір сәт назар қойып, ой жүгірткен жөн.

Гүлнара Жомартова

Соңғы жаңалықтар