«Есірткі айналымы енді ғарыштан бақыланады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 қазан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

«Қазғарыш» Байқоңырдағы экологиялық ахуалды қадағалауға заң жүзінде жауапты болып бекітіледі. Бұл туралы «Айқын» басылымының «Есірткі айналымы енді ғарыштан бақыланады» атты мақаласында xабарланып отыр.

Газеттің жазуынша, мұндай жауапкершілік «ғарыш қызметі мәселелері туралы» жаңа заң жобасында қарастырылған. Жобаға сәйкес, Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетіне («Қазғарыш») «Байқоңыр» космодромынан зымыран ұшырулардың қоршаған ортаға ықпалына мониторинг жүргізу бойынша заңнама жүзінде құзырет берілетін болады.

- Шынын айтқанда, зымыран-тасығыштарды ұшырған кездегі «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметінің қоршаған ортаға белгілі бір ықпалы бар. Біріншіден, ауаға улы заттар шығарылады. Бұған қоса, апатты жағдайларда да улы заттар төгілуі ықтимал. Сол себепті уәкілетті орган космодромның табиғатқа ықпалына біздің «Қазғарыш» мониторинг жүргізуі керектігінде табандап отыр, - деді Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков.

Оның айтуынша, қазіргі кезде «Қазғарыш» онсыз да осы қызметпен айналысып жүр. Бірақ шын мәнінде, бұл өкілеттіктер қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік органға бекітілген. Нәтижесінде құлаған зымыраннан табиғатқа қандай зиян келгені туралы журналистер сұрай қалса, «Қазғарыш» басшылары соларға сілтейді. Яғни сала «сен салар да, мен салар» күйде. Жауап беретін жан табылмайды.

- Біз тіпті мұны сұраған да жоқпыз, - деді «Қазғарыш» өкілі. - Заңды әзірлеушілер осы функцияларды бізге тапсыруды орынды деп тауыпты. Бұл жұмысты онсыз да іске асырып жүргендіктен, біз қарсы болмадық, оны орындау жауапкершілігін өз мойнымызға алатынымызды айттық.

Мейірбек Молдабековтің түсіндіруінше, бұл шешімде қисын бар: біріншіден, зымыранның құлауынан келетін зиянды анықтаудың өзіндік ерекшеліктері көп. Екіншіден, бұл міндет Ресейдің ғарыш агенттігімен бірлестікте орындалады, ал онымен «Қазғарыш» тікелей жұмыс жасайтыны белгілі.

«Парламентке енгізілген жаңа заңның тағы бір жаңалығы атап өтілді. Оның арқасында Қазақстанда есірткі айналымына ғарыштан бақылау жүргізілетін болады. Таяуда ұшырылған «Жерді қашықтықтан зондтау» отандық спутнигін осы мақсатқа пайдалану заңдастырылғалы отыр», - делінеді аталған материалда.

«Айқын » газеті өзінің келесі мақаласында Қазақстанда адам құқығы қаншалықты сақталып отыр? Сырт тарап сынайтындай соншалықты төмен бе, әлде жыл өткен сайын жақсарып келе ме? Қоғамда қаншалықты еркіндік пен сөз бостандығы бар? Бұл тұрғыда дамыған мемлекеттер қоятын та­лап­тардың биігінен табылып жүрміз бе? деген сауалдардың төңірегінде ой өрбітеді.

«Демократия» деген тақырып қозғала қалса, жиі-жиі қайталанатын сауалдардың бірқатарына жауап беретін «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» арнайы баяндаманың тұсаукесері кеше Астанада ұйымдас­тырылды», - деп жазылады «Құқығыңыз қорғалып жүр ме? » атты мақалада.

«Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов қысқаша та­ныстырған баяндамада қазіргі қоғамдағы ахуалды сипаттайтын бірқатар маңызды деректер көрсетілген. Маңызды салалардағы құқықбұзушылық пен оны түзетуге қатысты билік орындарының әрекеті келтірілген мағлұматта мән беретін тұстар жетерлік. Атап айтқанда, бейбіт жиналыстар құқығын іске асыру туралы бөлімде 2012 - 2014 жылдар аралығында республикамызда әр түрлі 497 акция тіркеліпті. Алайда олардың 324-і рұқсат етілмеген жиындар болып табылады. Мұның 122-і - Астанада, 157-сі Алматыда және 87-сі Шығыс Қазақстанда орын алған. Аталған шараларға ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 190 мың адам қатысыпты. Сарапшылар рұқсатсыз акцияларға негізінен, халықтың бір тобының әлеуметтік жайына көңіл толмауы, сот шешімдеріне келіспеу, жалақыны уақтылы төлемеу, ипотекалық үлескерлер наразылығы себепші болған деп санайды. Әрине, заңсыз акцияны ұйымдастырушылардың бірқатары жауапкершілікке тартылған. Енді комиссия бейбіт минтингілер мен шерулер өткізу туралы заңға өзгерістер енгізуді, болмаса мүлде жаңа заң қабылдау керектігін ұсынып отыр», - делінген аталмыш материалда.

***

«Егемен Қазақстан » басылымы кеше Астанада өткен ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және зиялы қауым өкілдерінің форумы жайында қалам тербейді.

«Биылғы мерейтойлық Х форум кеше Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда ашылды. Оған Достастық елдерінен 200-ге жуық делегат қатысты. Форумның тақырыбы - «Достастықтың гумани­тарлық кеңістігі: ортақ құндылықтар мен мәдениеттер үнқатысуы» деп аталды. Сонымен қатар, форумда «Білім жылы» болып белгіленген 2016 жылды қалай бірлесіп өткізу мәселелері талқы­ланды», - делінген «Жанданған жарасымдылық жолы » атты мақалада.

«Форум жұмысын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашты. Одан әрі форум жұмысы туралы «Мир» телекомпаниясы түсірген шағын деректі фильм көрсетілді. Онда бұрынғы болған форумдардың қай елде, қай уақытта өткені және қарастырған тақырыптары туралы айтылды. Соның ішінде Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры (МГЫҚ) мәдениет, білім, спорт және ғылым салалары бойынша 470 мемлекетаралық жобаны қолдағаны көлденең тартылды. Оған ТМД-ның барлық елдерінен, сонымен қатар, Грузия және Балтық бойы елдерінен барлығы 270 мыңнан артық адам тартылған. Сонымен қатар, қор мемлекетаралық бағдарламалардың бастамашысы да болған, мәселен, 2015 жылды «Ардагерлер жылы» деп белгілеу идеясы осы қордан шыққан. Сондай-ақ, осы жылға «ТМД-ның мәдени астанасы» деп Ресейдің Воронеж және Тәжікстанның Куляб қалаларын белгілеу де осы қордың ұсынысымен жүзеге асқан», - делінеді мақалада.

***

Астананың білім басқармасы «Нестле Фуд Қазақстан» компаниясымен бірге бастауыш сынып оқушылары арасында тамақтану мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Салауатты тамақтану мектебі» атты әлеуметтік ағарту жобасын бастады, деп жазады «Экспресс К » газеті "Школа здорового питания» атты мақаласында.

«Дұрыс тамақтанудың рөлін ескере отырып, «Нестле» 2009 жылы Healthy Kids («Дені сау балалар») атты жаһандық бағдарламаны бастаған болатын. Оның ең басты мақсаты өскелең ұрпақты тамақтану мәдениетіне дағдылау. 2014 жылы жобаға барша әлем бойынша 73 ел мен 7 миллионнан астам бала қатысты», - дейді басылым.

Газеттің жазуынша, «Салауатты тамақтану мектебі» атты бірегей ағарту бағдарламасы Алматыда 2014 жылы жүзеге асырыла бастады және мемлекеттік органдардың, сарапшылардың, мұғалімдердің, оқушылар мен олардың ата-аналарының жоғары бағасына ие болды.

«Былтыр арнайы құрылған жеңілдік арқылы жобаға Алматының 20 мектебі мен 4000 бала қатысты. 2015 жылы бұл бағдарламаға Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен елорданың 20 мектебі қосылып отыр. 2015/2016 оқу жылында Осы жобаға Астана мен Алматы қалаларынан 40 мектеп пен 8000 астам бала қатыса алады деген сөз», - делінген мақалада.

Соңғы жаңалықтар