Есірткі құралдарының заңды айналымы саласында 44 медициналық қызметкер жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында барлығы 71 құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің мәліметінде хабарланды.

Есірткі құралдарының заңды айналымы саласында 44 медициналық қызметкер жауапкершілікке тартылды

Атап айтқанда, департамент 2016 жылғы 23-27 мамыр аралығында республика аумағында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласында құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге бағытталған «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шараның 2-кезеңін өткізді.

Операцияға барлығы 881 ішкі істер органдарының қызметкерлері оның ішінде 98 есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері қатысты. Іс-шараны өткізу аралығында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында қызметті жүзеге асырушы - 406 субъект, оның ішінде 187 дәріхана, 91 қойма, 91 емдеу-профилактикалық мекемелері және 37 өндірістік кәсіпорындар тексерілді.

«Заңсыз айналымға 100 таблеткаға жуық және 2500-ден астам ампула есірткі құралдары мен психотроптық заттардың өтуіне жол берілмеді, сондай-ақ 7 келі прекурсор айналымы шектелді.  Операция барысында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымы саласында барлығы 71 құқық бұзушылық анықталды. Есірткі құралдарының заңды айналымы саласында заңсыз әрекеттерді жасағаны үшін 44 медициналық қызметкер жауапкершілікке тартылды»,-деп атап өтілген ведомство мәліметінде.