08:22, 23 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Есірткі саудасымен шұғылданғандар 12 жылға бас бостандықтарынан айырылды
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі саудасымен айналысқан Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының бұрынғы полицейі М.Кәрімов пен бір рет сотталған М. Макеевті 12 жылға бас бостандықтарынан айырып,
дүние-мүлкін тәркілеу жөнінде үкім шығарды.
Өткен жылы есірткі заттарын өткізумен айналысып келген ұйымдасқан топтың қылмысын Ұлттық қауіпсіз комитеті және ішкі істер департаментінің жедел тобы шартты сатып алушыға есірткі заттарын сату кезінде бақылауға алған. Осылайша жыл ішінде қос қылмыскер өзара сыбайласып 149 мың теңгенің есірткі заттарын саудалағанын айғақты дәлелдермен қолға түсірген болатын. Тергеу барысында олардың қылмыстары дәлелденіп, сот қарауына жолданды. Енді, міне екеуі де заң алдында әділ жазасын алып отыр. Олар өмірінің 12 жылын қатаң режімдегі колонияда өткізетін болады. Ақмола облыстық аппеляциялық алқа соты да үкімді күшінде қалдырды.