Есірткі саудасының трансұлттық арнасының жолы кесілді
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы 1 сәуірде ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің, Астана қаласы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қырғызстан Республикасының ІІМ-мен және ЦАРИКЦ халықаралық ұйымымен бірлескен жедел іздестіру шаралары кезінде есірткі саудасының трансұлттық арнасының жолы кесілді.
Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты.
«Астана қаласының «Рубеж-Қызылжар» бақылау бекетінде 28 жастағы Қырғызстан Республикасының азаматы жүргізіп келе жатқан «БМВ» автокөлігі тоқтатылды. Автокөлікті жылжымалы тексеру кешенінің, сондай-ақ қызметтік иттің көмегімен тексеру барысында машинаның қосалқы дөңгелегінен 10 түйіншекке оралған жалпы салмағы 10 келіге жуық героин жасырылғандығы анықталды. Ұсталған азамат жасырын жолмен Қырғызстаннан Ресейге жөнелту мақсатымен есірткі тасымалдаған»- деді реми өкіл.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынып, тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 160 миллион теңгені немесе 1 миллион АҚШ долларын құрайтын 40 мыңнан астам бір реттік «героин» дозасы есірткі тұтынушыларына жеткен жоқ.