19:29, 18 Мамыр 2009 | GMT +5
Есірткі затын сатушы да, оны сатып алушы да қамауға алынды
АҚТАУ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыс көлемінде биыл 11-17 мамыр аралығында 51 қылмыс тіркеліп, оның 43-і ашылды.

Соның ішінде жазатайым кісі өліміне соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі ? 1, тонау ? 11, ұрлық ? 10, бұзақылық ? 5, есірткі-4 және 1 қарақшылық фактісі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мамырдың 11-де сағат 04.20-лар шамасында Жаңаөзен қалалық ауруханасына «бас сүйегі жарақаттанып, миы шайқалған және қатты мас күйде» деген диагнозбен Жаңаөзен қаласының тұрғыны, 38 жастағы Е. деген азамат жансақтау бөліміне жеткізіліп, ол сол жерде есін жимастан қайтыс болған. Осы оқиғаға байланысты шұғыл іздестіру шараларын жүргізу барысында облыстық криминалдық полиция қызметкерлері мен Жаңаөзен ҚІІБ қызметкерлері Құрық елді мекенінде тұратын 42 жастағы Б. деген азаматты ұстаған. Сезіктінің түсініктемесі бойынша, 10 мамыр күні ол жәбірленуші Е-мен бірге арақ ішкен, ақыр соңында араларында жанжал шығып, ол жәбірленушіні соққыға жыққан. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Мамырдың 15-і күні сағат 20.30-дар шамасында Ақтаудағы «Инфинити» түнгі клубының жанында «Маржан» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны, бұрын сотты болған 42 жастағы К. деген азаматты тінту кезінде 3 дана целофан пакетке оралған ақшыл-қоңыр түсті ұнтақ табылып, тәркіленді. Аталған факті бойынша жүргізілген жедел шаралар нәтижесінде, пакетке оралған ақшыл-қоңыр түсті ұнтақтың есірткі заты екені анықталды. Айтуынша, оны Ақтау қаласының 14-шағын ауданында уақытша тұратын, Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласының тұрғыны 51 жастағы М. деген азаматтан сатып алған. Сондай-ақ ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқармасының қызметкерлері соңғы азаматтың уақытша тұратын мекен-жайын тексеру кезінде, оның пәтерінен 85 дана целлофан пакетіне оралған ашық-қоңыр түсті ұнтақ заттарды тауып, тәркіледі. Есірткі затын сатып алушы да, сатушы да қамауға алынып, тергеу әрекеттері жүргізілуде.