Есірткі зертханасын ашқан Ақтөбе тұрғыны 6 жылға сотталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ірі көлемде есірткі сақтап, есірткі зертханасын ашқан Ақтөбе тұрғындары құрықталды, деп хабарлайдыҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қазан айының соңында Ақтөбе қаласының қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған 48 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды. Күдікті құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған қарасора өсімдіктерін ірі мөлшерде өсірген және оның әрекеттері ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша дұрыс сараланған.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың мамыр айының соңында Ақтөбе облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері саяжайда орналасқан жерасты зертханасын анықтаған. Оның иесі Ақтөбе қаласының аумағында есірткі заттарын өткізу мақсатында құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан. Нарколаборатория техниканың соңғы үлгілерімен жабдықталған.
Ұсталған адамның айтуынша, тұқымдар мен жабдықтарды интернет-дүкеннен сатып алған. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 400 грамнан астам болды, сонымен қатар ұсталған адам каннабиоидтарды қолданудан туындаған есірткілік мас күйде болған. Сот оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.