Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және прекурсорларға бақылауды күшейту бойынша конференция өткізілді

АСТАНА. Шілденің 10-ы. ҚазАқпарат - Австрия республикасының Вена қаласында ағымдағы жылғы шілденің 8-і мен 9-ы аралығында Қазақстанның бастамасымен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және прекурсорларға бақылауды күшейту бойынша конференция өткізілді,
None
None

оның ұйымдастырушылары ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан Республикасының ұдайы өкілдігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, ЕҚЫҰ полиция қызметінің стратегиялық мәселелер бөлімі, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Қазақстандық делегацияға Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов басшылық етті, оның құрамына Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің өкілдері енді.

Конференцияға жоғары деңгейдегі есірткіге қарсы күрес жөніндегі ұлттық сарапшылар, ынтымақтастық бойынша әріптестер мен халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Аталған іс-шара ең алдымен есірткінің және психотроптық заттардың заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте қатысушы-мемлекеттерге ЕҚЫҰ қолдауын күшейтуге, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттер арнайы органдарының өзара іс-қимыл жасасуын жақсартуға бағытталған.

Конференцияда есірткі бизнесі әртүрлі елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіретіні, әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуға кедергі келтіретіні аталып өтті. Есірткі саудасы трансұлттық криминалдық белсенді қайнар көзіне айналуда.

Конференция ЕҚЫҰ кеңістігінде есірткі қаупіне қарсы іс-қимыл жасасуда практикалық шаралар дайындауда, өзара пікір алмасуда тиімді алаң болып табылады.

Конференцияны ашу кезіндегі алғы сөзінде Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов есірткі қылмысына қарсы күрес проблемасы трансшекаралық сипатқа ие екенін және оған барлық мүдделі мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бірлесіп қабылдаған іс-әрекеті мен ынтымақтастығы негізінде ғана қарсы тұра алатынымызды атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев есірткі қылмысына қарсы күресті еліміздің барлық құқық қорғау жүйесі үшін басым тапсырмалардың бірі деп белгіледі.

Соңғы жаңалықтар