Ескі де болса қымбат: Ақтөбеде жарты ғасыр бұрын салынған музыка мектебіне күрделі жөндеу қажет
Ақтөбе қаласындағы ауданы 280 шаршы метрден асатын музыка мектебінде 200-ден астам бала тәрбиеленеді. 1970 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу қажет, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе қаласындағы №2 музыка мектебі 1970 жылы салынып, содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мұндағы есік-терезенің бәрі ескі, едені де сықыр-сықыр етеді. 200-ден астам бала тәрбиеленгенімен, алақандай ғана бөлмелерде домбыра, қобыз, скрипка, баян тартып үйреніп, ән салуға мәжбүр. Оларға 30-40 жылдық тәжірибесі бар мамандар дәріс береді. Сондықтан болар бұрын өзі оқыған музыка мектебіне немересін тасып жүретін әже-аталар да кездеседі.

«Бізге бұл жер ұнайды. Себебі біз Ақтөбе қаласының Тұрғындар қалашығы ауданына қызмет көрсетеміз. Ғимаратымыз бейімделген нысан. Балаларымыз сыйып жүріп. Мұнда 239 бала бар. Сонымен бірге қаланың Сүт зауыты ауданындағы №72 мектепте филиалымыз ашылып, домбыра курсы жұмыс істеп тұр. Осы ғимаратқа сыймағандары сонда барады. Негізі бәрі сол мектептің оқушылары, ал мұғалім біздің музыка орталығынан барады. Онда 20-дан астам бала бар. Биыл музыка мектебіне өнерге жақын 52 бала 8 бөлімге қабылданды. Олар домбыра, қобыз, фортепиано, вокал, баян, аккардеон, гитара, скрипка үйірмелерін таңдады. Ғимарат ескі болғанымен, орны өзгермегенін қаламаймыз. Бұл ауданда мұндай өнер ордасы жоқ десем болады. Мұғалімдері де тәжірибелі. Көбі 30-40 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мұнда келіп жүрген балалардың ата-аналары, ата-әжелері осы жерде тәлім алған», - деді №2 музыка мектебі директорының орынбасары Елена Бондаренко.
Таяуда домбыра, гитара, қылқобыз, баян, аккардеон сатып алынды. Ал фортепиано барлық сынып ішінде тұр.

«Ғимараттың жалпы ауданы 280 шаршы метр болады. Үйірмелер ақылы, бірақ өте арзан. Бізде ең қымбаты 5700 теңге, ал арзаны 3200 теңге. Бір отбасында 2-3 бала келіп, оқу ақысының тек тең жартысын төлейді. Мұндағы шағын сахнада екі рояль тұр. Екеуі де концертке арналған. Бұл аспап мектебіміздің мақтанышы десек те болады. Мұндайды қазір таппайсыз. Заманауи аспаптар жақсы болғанымен, бұл облыс бойынша бізде ғана бар. Мұны музыка мектебіне кіргізу үшін сарбаздар келген екен. Тура есікті алып тастап, ішке кіргізді», - деп еске алды №2 музыка мектебі директорының орынбасары Елена Бондаренко.
Мұнда барлығы 42 штаттық орын бар. Ұстаздардың тең жартысы тұрақты еңбек етсе, өзгесі қосымша дәріс береді. Кіші қызметкерлері жыл сайын шағын жаңарту жұмысын жүргізеді. Биыл дәліздің тұсқағазын ауыстырған. Сонымен бірге мектептің шамы ауыстырылды. Бейнебақылау камерасы бар.

«Мен өзім облыстық филармонияда жұмыс істеп, мұнда домбырадан сабақ беремін. Жұмыс істеп жүргенімен 10 жылға жуықтады. Қазір үйірмеге 10 бала қатысады. Жыл сайын 3-4 бала қатарға қосылады. Биыл музыка мектебі аспап сатып алды. Ал ғимаратқа келер болсақ, жаңа мектеп болса, жақсы болар еді. Ескі болған соң ата-аналарға қиын. Қыста далада күтіп қалады. Мұнда күту орны жоқ», - деді домбыра класының жетекшісі Алтынай Салимбаева.