Есік көліндегі бөгет мемлекет меншігіне өтті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Сатып алу құқығынсыз 49 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген Есік көліндегі бөгет Алматы облысының коммуналдық меншікке қайтарылды.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2019 жылы Есік көліндегі бөгет сатып алу құқығынсыз 49 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Учаскенің аумағы - 141,643 гектар.
Шарт «Қазэлектроэнергия» ЖШС-мен 1 млрд 052 млн теңгеге жасалған.
«2023 жылы Алматы облысының қаржы басқармасы міндеттемелердің орындалуына бақылау жүргізу барысында «Қазэлектроэнергия» ЖШС-нің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағанын анықтады. Оның ішінде қаржылық қызмет, атқарылған жұмыс туралы есептер, көлді тазарту бойынша жоспарланған жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ уәде етілген жұмыс орындарын ашпағаны белгілі болды», - деп хабарлады облыстық әкімдіктен.
Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып, отырыс өткізілгеннен кейін нысанды Алматы облысының коммуналдық меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды.
«Қаржы басқармасы шартты бұзып, нысанды қайтару мақсатында сотқа талап арыз берді және Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі негізінде шарт бұзылып, Есік көліндегі бөгет мемлекетке қайтарылды», - деп хабарлады әкімдіктен.