Еске алу вахтасы: 377 жауынгердің сүйегі құрметпен жер қойнына тапсырылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының «Саланг» клубының мүшелері Новгород облысынан «Еске алу вахтасынан» оралды. Солардың бірі – Владимир Пекарский экспедициядан алған әсерімен бөлісті.

— Владимир, сіз бұл экспедицияға бірінші рет қатыстыңыз ба? Бұған дейін барсаңыз бұл жолғы сапардың ерекшелігі неде?
— Жоқ, бұл, шамамен оныншы сапарым. Ал біздің «Саланг» әскери-патриоттық клубының 30-ыншы рет баруы. Әрине, әр экспедиция бір-біріне ұқсамайды, топ құрамы өзгеріп отырады және бір жылы жер бетіне жақын жатқан жауынгерлердің сүйегін көтердік. Ондайда күрекпен толық аумақты қазасың. Биыл блиндаж, окоптарда жұмыс істедік. Биыл ауа райы қолайсыз болды. Бірнеше күн қар, бұршақ аралас жаңбыр жауды. Соған қарамастан таңертең тамағымызды салып алып орманға кетеміз. Бір топта үш адамнан болдық. Біреуімізде металл іздеуші құрал, қалғандарында күрек. Қай жерді қазу керектігін көрсетеді. Екі метр тереңдікке дейін қазған кезіміз болды. Биыл біздің жетекшіміз Александр Азегов ең бірінші рет келген Новгород облысының Парфинский ауданында жұмыс істедік. Жалпы Қазақстан, Ресей және Беларусьтен 21 отряд болды.

— Биыл СҚО-дан және жалпы Қазақстаннан қанша адам «Еске алу вахтасына қатысты?
— Қазақстаннан екі отряд болдық. Екіншісі Ақтөбенің «Әлия Молдағұлова» клубының мүшелері. Біздің өңірден 9 адам бардық, олардың барлығы «Саланг» клубы курсанттары және инструкторлар.

— Жалпы экспедицияның мақсаты не, үміт ақталды ма?
— Майдан даласында жатқан жауынгерлердің сүйектерін тауып, құрметпен қайта жерлеу. Ең бастысы — жауынгерлік медальондарды табу. Ол арқылы есімдерін анықтауға болады. Ал табылған медальон қазақстандыққа тиесілі болса, тіптен керемет.
Біздің отряд жеке жұмыс барысында үш жауынгердің сүйегін тапты. Ал жалпы барлығымыз Қызыл әскердің 377 жауынгерінің сүйегін қазып алдық. 12 медальон табылды, оның жетеуін оқып, солдаттың аты-жөндерін анықтай алдық.
Екінші Дүниежүзілік соғыс бойынша республикадағы ең үлкен музей деп біздің «Саланг» клубының жанынан ашылған музейді айтуға болады. «Еске алу вахтасына» қатысқан 30 жылдың ішінде біздің жетекшіміз Александр Азегов сапарлардан көптеген жәдігер әкелді. Біз де өңірдегі музейлерге экспедиция кезінде тапқан заттарымызды сыйлаймыз. Оның ішінде каскалар, оқ-дәрілердің қалдықтары, жауынгерлердің жеке заттары бар.

— Сіз іздеу тобының құрамында қандай тапсырмаларды жеке орындадыңыз?
— Турист ретінде табиғат аясына шығудан мүлде бөлек әскерилендірілген іс-шара деп айтуға болады. Барған сәттен лагерь құрып, тұрмыстық жайдайды жасап, күзет қойылады. Қазба жұмысын жүргізуден бөлек әрқайсымыздың өз міндетіміз болды. Командир қай жерді қазатынымызды анықтап, міндет қояды. Старшина күнделікті кезекшілікті бекітіп, қадағалайды.

Сондай-ақ ол біздің керек-жарағымызды түгендеп отырды. Мен биыл түсірілімге жауап бердім. Бірер күнде осы сапардан жасаған фильмді жарыққа шығарамын. Сондай-ақ жергілікті әріптестермен, депутаттармен байланыс орнаттым. Іс-шара аясында бард әндер фестивалі өтіп, мен Қазақстан атынан қатысып, екі ән орындадым.

— Майдан даласына барып қазба жұмыстарын жүргізудің маңызы неде?
— Осы экспедицияға барғалы соғыс туралы түсінігім өзгерді.Оның қалай өткенін, біздің жауынгерлердің жолын, олар қазған окоптарды және қандай шығын болғанын көресің. Бұл — тарих. Оны білуге, артымыздан келе жатқан ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Соғыс деген ол — қантөгіс, қатыгездік. Соғыс қайталанбауы керек. Сондай-ақ біз ең болмағанда осылайша майдан даласында қалған аталарымызға құрмет көрсетеміз. Қазір бұл жайында кереғар пікір көп. Кейбірі жер астында жатыр ғой, жата берсін дейді. Мен өзім жолда жатқан жауынгердің сүйегін қазып алдым. Оның үстінен бірнеше жыл бойы көлік жүріп келді.

Бірақ бізге осы «Еске алу Вахтасына» жиналып, баруда қаржылық жағынан қиындық бар. Өйткені бұл сапарға ақша бөлінбейді, демеушілерді іздейміз. Биыл тек билетке ғана 1,5 млн теңге жұмсадық. Бұл қиындыққа қарамастан кКелесі жылы да экспедицияға барамыз. Майдан даласында әлі қаншама адамның сүйегі шашылып жатыр.



Естеріңізге салайық, бұған дейін солтүстікқазақстандық ардагер Боранбай Әбішевтің ерлігі туралы жазған едік.