Ескендір Сүлейменовтің ісі: Жол апатына кінәлі әйел сотта кешірім сұрады

«Кешіріңіздер мені, өтінем. Күн сайын Алладан Ескендір және сіздер кешірсе екен деп тілеймін. Мұндай жағдай боларын білмедім және қаламадым. Өтінем, мені кешіріңіздерші. Сіздерге қаншалықты ауыр екенін түсінемін», - деді М. Мұхитова Астана қаласының Есіл аудандық №2 сотында.
Сонымен бірге, ол жол апатының мән-жайын айтып берді.
«Сол күні жұмыстан ертерек жіберді. Жолай Керей мен Жәнібек хандар-Мәңгілік ел даңғылы қиылысындағы азық-түлік дүкеніне кірдім. Дүкеннен шығып, көлігіме отырдым және Керей мен Жәнібек хандар көшесіне шығу үшін солға қарай бұрыла бастадым. Тежегішті басып, айналама қарадым. Солға бұрыла бергенімде оң жағымнан қап-қара бір нәрсе келіп, көлігіме соғылды. Алғашында не болғанын түсінбедім. Көліктен түсіп қарасам, асфальтта жас жігіт жатыр. Адамдар жүгіріп келе бастады. Жедел жәрдем шақыруға әрекеттендім, бірақ маған дейін шақырып қойыпты», - деді ол.
Еске сала кетсек, 22 маусым күні Астанадағы жан түршігерлік жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов қаза тапты. Апат елордадағы Мәңгілік ел даңғылы мен Керей мен Жәнібек хандар көшесінің қиылысында болған.
Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін «Hyundai» автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық әйелге қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлағады.
Сондай-ақ, қалалық Ішкі істер департаменті Олжас Сүлейменовтің немересі - Ескендір Сүлейменовтіғ мотоциклі соғылған көлік жүргізушісі Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы екенін растаған.
Атышулы іс бойынша 12 қазан күні басталған сот процесі жәбірленуші тараптың өтінішімен 17 қазанға шегерілді.