Ескендір Сүлейменовтің өліміне қатысты іс: Сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биылғы 13 қаңтар күні №2 Есіл аудандық соты Малика Мұхитованы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша (Абайсызда адам өліміне алып келген жол ережесін бұзу) кінәлі деп тауып, қауіпсіздігі минималды түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім етті. Сондай-ақ ол 5 жылға көлік жүргізу құқығынан да айырылды.
«Апелляциялық алқаның шешімімен үкім өзгеріссіз қалдырылды. М.Мұхитованың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Үкім заңды күшіне енді», - делінген Астана қалалық сотының ресми сайтында.
Еске салайық, 2018 жылдың маусым айында Астанада жол апатынан ақын Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы жиені Ескендір Сүлейменов мерт болды. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды. Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы Малика Мұхитоваға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Кейіннен М.Мұхитова Қызылорда облыстық ІІД (Полиция департаментінің) бастығының қызы екені анықталды.
Аталмыш іс бойынша сот процесі 12 қазанда басталды.
Сот отырыстары барысында Олжас Сүлейменов жиенінің өліміне алып келген жол апатына кінәлі Малика Мұхитованы бас бостандығынан айырмауды екі мәрте сұрады. «2019 жылдың 10 қаңтарында Астана қаласының сотына хат келіп түсті. «Ескендір бала кезінен көз алдымда өсті. 1995 жылы мен Италияда елші болдым да, ол бастауыш мектепке барды. Содан кейін 2001-2013 жылдары Парижге жұмысқа ауыстым. Ескендір орта мектеп пен университетті сол елде аяқтады. Оның ата-анасы ертеректе ажырасып кеткен, сондықтан осы жылдар бойы ол ұлым секілді бізбен бірге тұрды. Адвокат Куряченко Париждегі оқу орындарына сұрау жіберіп, зерттеу барысында Ескендірдің ол жақта ешқашан айыпқа тартылмағаны туралы жауап алды. Ескендір 26 жыл бойы бір стақан алкоголь ішпеген, темекі шекпеген. Студент ретінде Францияда көлік пен мотоцикл жүргізу құқығына ие болды. Еуропада бір де бір айыппұлсыз бірнеше жылдан бергі көлік жүргізу тәжірибесі бар», - деп ақынның хатын оқып берді судья Әсем Рамазанова.
Сондай-ақ жазушы келешекте қызы әкесінің ұстанымын түсінетініне сенім білдірді.
Іс бойынша прокурор Ә.Бараев соттан айыпталушы М.Мұхитованы 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.