Ескерткіштер тек әсемдік үшін ғана емес, елдігімізді айғақтау үшін де аса қажет - Алматы облысының әкімі

Бұл туралы бүгін Алматыда Райымбек батырдың ескерткішін ашу рәсімінде айтылды.
«Бұған дейін Райымбек баба ескерткіші Алматы облысының Кеген өңірінде бой көтеріп, ұрпағы тәу етер киелі орынға айналды. Ал бүгін батырдың тас мүсіні Алматыда рухани қаланың көркіне көрік, ажарына ажар қосып тұр. Ескерткіштер тек әсемдік үшін ғана емес, ол елдігімізді айғақтау үшін де аса қаже», - дейді Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов. Оның айтуынша, осы еңселі ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болған «Райымбек» қоғамдық қоры мен осы игі істің басы-қасында жүрген азаматтар тағылымы мол шара атқарып отыр. Ендігі ретте «Ұранды елдің ұрпағы қайсар келеді» дегендей, қазақтың өжеттігі мен жасампаздығын паш етіп тұратын бұл туындының болашақ ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудегі үлесі зор болмақ. Ол ерлік пен өрліктің символы, асылды ардақтаудың, батырды бағалаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.