Ескерту: Алматыда күн 36 градусқа дейін ысиды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті аптап ыстыққа байланысты тұрғындарға ескерту жасады.

алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Қазгидромет» синоптиктерінің мәліметінше, 26 маусым күні Алматыда сынап бағанасы 36 градусқа дейін көтеріледі.

Осыған байланысты Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті төмендегі қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынып отыр:

— Күн сәулесі тікелей түсетін жерлерде мүмкіндігінше аз болуға тырысыңыз; 
— Сағат 12:00–ден 16:00–ге дейінгі уақытта күннің сәулесі белсенді болатынын ұмытпаңыз. Денені күн сәулесінен қорғап, жабық киім киюге тырысыңыз және күннен қорғайтын сықпа майлар қолданыңыз;
— Алкогольді ішімдік ішпеңіз — алкоголь ыстықта ағзаға тез әсер етеді және дене жоғары температураға сезімтал болады;
— Сұйықтықты (салқындатылған су, минералды су) мүмкіндігінше көп ішуге тырысыңыз;
— Денеге салмақ түсірмеңіз. Күшті жүктеме ыстықта жылу алмасуды арттырады да ағзаны сусыздануға әкеліп соқтырады;
— Көлікпен ұзақ сапарларға шықпаған абзал.

Осыған дейін «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Серік Сайыров маусымның соңғы күндері күн райы қандай болатынын айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар