«Есіл» командасы волейболдан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХ Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері анықталды. 

Есіл командасы
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Үшінші орынды сарапқа салу үшін алаңға «Есіл» (СҚО) мен «Атырау» командалары шықты.

Кеше солтүстікқазақстандықтар 3:0 есебімен жеңген болатын. Алексей Терениннің команда капитаны Александр Сулейманов бастаған шәкірттері бүгін де шеберлігінің басым екенін анық байқатты – 3:0 (25:13, 25:21, 25:17).

«Өткен жылы бесінші орынды қанағат тұтсақ, биыл қола жүлдеге қол жеткіздік. Жалпы, маусым барысында түрлі турнирлерде үш медаль алдық. Бұл маусымның табысты өткенін білдіреді. Келесі чемпионатқа да мұқият дайындаламыз. Петропавл қаласында спорт сарайы салынып жатыр. Бәлкім, алдағы маусымда Ұлттық лиганың турын қабылдап қалармыз», - деді А.Теренин.

Плей-офф кезеңінде фаворит саналған Оралдың «Жайығын» жеңіп, сенсация жасаған «Атыраудың» бас бапкері Юрий Лабецкий бұл жолы жас ойыншыларға үміт артқанын айтты.

Бесінші орын үшін бәсекеде «Жайық» «Жетісу жастарын» 3:0 (25:17, 25:16, 25:13) есебімен айқын басымдылықпен жеңді. «Жайықтың» капитаны, Орал волейболының түлегі Виталий Вориводин өз клубы сапынан үздік ойыншы атанды. 

«Әрине, біз «Атыраумен» плей-офф бәсекесінде өз мүмкіндігімізді пайдалана алмадық, бәрі өз қолымызда болды. Мүмкін болған екі-үш ұпайды алсақ, 3:0 есебімен жеңіп, жүлделі орындар үшін таласар едік. Дегенмен барын салған шәкірттеріме ризашылығымды білдіремін», - деді «Жайықтың» бас бапкері Виктор Козик. 

Алматының «Буревестнигін» 3:2 (22:25, 21:25, 25:19, 25:16, 16:14) есебімен тізе бүктірген «Ақтөбе» біріншілік қорытындысында 7-орынға тұрақтады.

Бүгін алтын жүлде үшін «Павлодар» мен «Тараз» екінші кездесуін өткізеді. Егер павлодарлықтар жеңсе, чемпион атанады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Павлодар» алтын үшін таласта «Таразды» қапы қалдырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар