Еспаева депутаттардың сауалы турасында: Құрылтай басшылығы ешқандай шектеу қоймайды
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай депутаттарының өткір мәселелерді көтерудегі дербестігі сақтала ма? Бұл сұраққа Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева жауап берді.
- Депутаттық сауал – әр депутаттың дербес шешімі. Жаңа регламент бойынша бір сауалды жария етуге төрт минутқа дейін уақыт беріледі... Құрылтай басшылығы депутаттық сауалдың тақырыбын, мазмұнын қарамайды және шектеу қоймайды. Атап айтқанда, сауалдар әрбір фракцияға және депутаттың өзінің дайындығына байланысты, - деді Д. Еспаева Құрылтайдың жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Жаңа Регламенттегі депутаттық сауалдардың тәртібі
Депутаттық сауал – Құрылтай отырысында депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына осы органның немесе лауазымды адамның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Құрылтай сессиясында негізделген түсіндірме беруін немесе өз ұстанымын баяндауын ресми сұраған талабы.
- Құрылтай депутатының Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық банкі төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, Бас прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне сауал жолдауға құқығы бар.
Бас прокурорға не құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жолданған сауал қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыру мәселелеріне қатысты бола алмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жолданған сауалдарды қарау Құрылтайдың жабық отырыстарында жүргізіледі, - делінген Құрылтай Регламентінде.
Атап айтқанда, сауал Құрылтай отырысында күн тәртібіне енгізілген мәселелер қаралғаннан кейін жария етіледі. Құрылтай қатысып отырған депутаттар санының көпшілік дауысымен депутаттық сауалдарды жария етудің өзге тәртібін белгілей алады. Бір сауалды жария етуге төрт минутқа дейін уақыт беріледі. Белгіленген уақыттан асып кеткен кезде сөйлеушінің микрофоны автоматты түрде өшіріледі.
Құрылтай Аппараты депутаттық сауал жария етілген күннен бастап үш күн мерзімде оны тиісті лауазымды адамға жібереді, бұл туралы сауалға қол қойған депутатқа (депутаттарға) хабарлайды.
Мұнымен қоса, сауалға берілетін жауапты депутаттың талап етуі бойынша лауазымды адам Құрылтай отырысында жария етеді.
Бұл жағдайда Құрылтай Бюросының ұсынысы бойынша депутаттық сауалға берілетін жауапты жария ету туралы мәселе Құрылтай отырысының күн тәртібіне енгізіледі.
Отырыста сауалдың қысқаша мазмұны жөнінде сөз сөйлеу үшін алдымен депутатқа сөз беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – үш минутқа дейін. Содан кейін сауалға берілетін жауапты жария ету үшін лауазымды адамға сөз беріледі. Сөз сөйлеу ұзақтығы – он минутқа дейін.
- Депутаттар лауазымды адамға депутаттық сауалдың тақырыбы бойынша сұрақтар қоюға құқылы. Сұрақтар қоюға және оларға жауап беруге арналған уақыттың жалпы ұзақтығы – отыз минутқа дейін. Сауалға берілген жауап бойынша жарыссөз ашылуы мүмкін. Қажет болған кезде сауалға берілген жауап және оны талқылау нәтижелері бойынша Құрылтай қаулысы қабылданады. Депутаттық сауал мен оған берілген жауап бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы мүмкін, - деп аталып өткен регламентте.
Депутаттар Құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі мен Үкіметі мүшелеріне, Ұлттық банкі төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне ауызша сұрақтармен жүгінуге құқылы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, депутат Снежанна Имашева Құрылтайдың үйлестіруші органына қатысты түсінік берді.