Есірткі көмгіштердің жазасы жеңілдей ме

закладчик
Коллаж: Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Баласы есірткі таратқаны үшін сотталған ата-аналар бір топқа бірігіп, заңның жазасын жеңілдетуді талап етіп жүр. Kazinform-ның бұл жолғы материалы «осы талап қаншалықты орынды» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Есірткі тарату бұрын алпауыт картельдердің, ұйымдасқан қылмыстық топтардың ғана «бизнесі» болып есептелетін. Telegram пайда болғаннан бері есірткі саудасы жылдам әрі оңай «табыстың» арнасы болып тұр. Мемлекеттің есірткімен байланысты қылмыстың жазасын қатаңдатып, криминалдық сипат үстегені осыдан еді. Соның әсерінен қазір есірткі саудасына араласқан азаматтар 15-20 жылға дейін жаза арқалап жатыр. Арасында 18-ге толып үлгермеген жасөспірімдер де баршылық. «Жарлық қатты, жан тәтті» дегендей, заңның қаһарын қабырғасымен сезінген ата-аналар Қылмыстық кодекстің 296, 297, 298-баптарын қайта қарауды талап ете бастады. Олардың үнін көпшілікке естіртіп, Парламентке жеткізіп жүрген «Жасыл желкен» дейтін қоғамдық бірлестік бар. Жуықта сол ұйым Астанада «Есірткісіз болашақ» атты дөңгелек үстел өткізді. Бірлестіктің төрайымы Гүлзат Алмажанова ата-аналар мұндай әрекетке шарасыздықтан барып отырғанын айтқан еді.

«Закладчиктерге түрмеде сұрау қатты»

«Осыдан жарты жыл бұрын бізге балалары 296, 297-баппен істі болған ата-аналар жүгінді. Бұл қазір «халықтық статья» болып кеткен. Сол азаматтардың өтініштерін билікке, Үкімет өкілдеріне жеткіздік. Бұл жолғы дөңгелек үстел Президент тапсырмасының неге орындалмай жатқанын талқылауға арналған. Мемлекет басшысы «есірткі тарату» бабымен ұсталған жасөспірімдерге тым қатаң жаза қолданылып жатқанын, соны қайта қарау жөнінде тапсырма берген болатын. Алайда бұл тапсырманың орындалуы тым ұзаққа созылып кетті», - дейді қоғамдық бірлестік басшысы.

Іс-шараға елдің 20 қаласынан баласы, жақыны «есірткі тарату» бабымен сотталған азаматтар келіпті.

есірткі
Фото: “Жасыл желкен” қоғамдық бірлестігі

 

«Мәжілісте де осы мәселеге арналған заң жобасы пысықталып жатыр. Биыл заңды қабылдаса, келесі жылы күшіне ену керек. Қазір «есірткі тарату» бабымен ұсталған адам кемінде 10 жыл арқалап кетіп жатыр. Ал оны мектептерде, БАҚ арқылы халыққа түсіндіріп жатқан ешкім жоқ.

Біз бірінші дөңгелек үстелді өткізген кезде 4 мың бала «есірткі тарату» бабымен түрмеде отырғаны айтылған. Қазан айында, үш айдың ішінде бұл сан 7,5 мыңға жеткен. Бұл деген үлкен қасірет қой. Ертең осы лек бостандыққа шыққан кезде жұмыс тауып бере аламыз ба? Жоқ. Өйткені қазір жұмысқа тұру үшін сотталмағаныңыз туралы анықтама болу керек», - дейді Гүлзат Алмажанова.

Құқық қорғаушы қазір түрмеде отырғандардың 54 пайызы 35-ке дейінгі жастағылар екенін айтады. Сот өкілдері ата-аналармен жеке әңгімелескен кезде 297-баптың қатаңдығынан қандай да бір маневр жасауға ешқандай мүмкіндіктері жоқ екенін айтатын көрінеді.

«Бір бапқа есірткі тарату қылмысының бәрін тығып тастаған. Ең бастысы қазір есірткі таратқаны үшін тек «курьер» болған балалар сотталып жатыр. Бір де бір куратор, есірткіні сырттан елге кіргізіп отырған трафиктің басындағы адамдар ұсталмаған. Бір отбасыдан әкесі де, баласы да осы баппен отырғандар бар. Бас прокуратура ата-аналардың дабылына құлақ түріп, аталған баптар шынымен тым қатал екенін айтып жатыр. Ал депутаттардың ұстанымын түсінбей отырмыз», - дейді қоғам белсендісі.

Ресми статистика не дейді? Бас прокуратураның құқықтық статистикасына сүйенсек, 2020 жылы 4685 адам, 2021 жылы 4033 адам, 2022 жылы 3484 адам, 2023 жылы 3922 адам, 2024 жылдың 9 айында 3049 адам есірткімен байланысты қылмыс үшін сотталған. Яғни, 2020 жылдың басынан бүгінге дейін 19 175 адамға сот үкімі шыққан. Оның ішінде 18-ге толмаған 117 жасөспірім бар.

есірткі қылмысы
Инфографика: Kazinform

 

2020 жылдан бері есірткімен байланысы қылмысқа барғаны үшін барынша ұзақ мерзімге сотталғандардың статистикасы мынандай:

- 2020 – 165 адам 8-ден 10 жылға дейін, 108 адам 10-нан 12 жылға дейін, 12 адам 12-ден 15 жылға дейін, 9 адам 15-тен 20 жылға дейін;

- 2021 – 236 адам 8-ден 10 жылға дейін, 204 адам 10-нан 12 жылға дейін, 31 адам 12-ден 15 жылға дейін, 25 адам 15-тен 20 жылға дейін;

- 2022 – 329 адам 8-ден 10 жылға дейін, 187 адам 10-нан 12 жылға дейін, 20 адам 12-ден 15 жылға дейін, 33 адам 15-тен 20 жылға дейін;

- 2023 – 429 адам 8-ден 10 жылға дейін, 177 адам 10-нан 12 жылға дейін, 16 адам 12-ден 15 жылға дейін, 3 адам 15-тен 20 жылға дейін;

- 2024 жылдың 9 айы – 434 адам 8-ден 10 жылға дейін, 200 адам 10-нан 12 жылға дейін, 20 адам 12-ден 15 жылға дейін, 13 адам 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.

1-кесте: Есірткімен байланысты қылмысы үшін сотталған жасөспірімдердің статистикасы

кесте
Фото: Kazinform

 

Бұдан біз есірткімен байланысты қылмысы үшін сотталған жасөспірімдердің саны мыңдап саналмайтынын көреміз. Ал үстінен сотқа дейінгі тергеу басталған адамдардың саны біршама артып келеді. 2023 жылдың 9 айында Қылмыстық кодекстің 296-303 баптары бойынша 6 398 сотқа дейінгі тергеу тіркелсе, биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 7 306-ға жеткен. Соның ішінде Астана қаласы өзге өңір, қалалардан оқ бойы «озық» тұр – 1047 іс жүріп жатыр. Одан кейінгі орында тұрған Алматы қаласының көрсеткіші – 699 іс.

Ата-аналарды ұйқысынан айырған мәселенің бірі – түрмедегі қысым. «Закладчик» ретінде сотталғандарға түрменің өз ішінде сұрау қатты көрінеді.

«Қазір 14-15 жастағы жасөспірімдер «закладчик» болғаны үшін есірткі барондары ретінде сотталып жатыр. Түрмеде де оларға қатты сұрау болады екен. «Есірткі сатып пайдаға кенелдің емес пе, бөліс. Мүгедек болып шыққың келмесе, осынша соманы қойып бер», - деп қинайды екен. Олар қысымға шыдамай ата-аналарынан ақша сұратып, тұтас әулеттердің шырқы бұзылып жатыр», - дейді Гүлзат Алмажанова.

«Бұл біреудің бизнесі»

Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі , 26 жылдық тәжірибесі бар заңгер Ардақ Батиева құқық қорғау органдарының есірткі саудасының себебімен емес салдарымен ғана күресіп жүр деп есептейтінін айтады. Оның себебін есірткі саудасының басында қолы ұзын, пәрмені күшті адамдардың тұруымен байланыстырады.

«Бізде 18-35 жас аралығындағы жастардың үлкен мерзімге сотталуы жиілеп кетті. Бұл ұсталып жатқандардың бәрі, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «майшабақтар» ғана. Негізі ол психотроптық заттар Қазақстанда өндірілмейді. Сырттан келеді. Қытайдан, Ресейден деген сияқты. Сонда біздің шекарамыздың тесігі соншалықты үлкен бе? Ең бірінші мәселе осы жерде, кеден жұмысында. Екінші мәселе кураторлардың жауапкершілігімен байланысты. 18-35 жас аралығындағы қарапайым адамдар есірткіні қайдан табу керектігін біледі де, ал ІІМ мен ҰҚК қызметкерлері соларға бағыт сілтеп отырған кураторларды қалай ұстау керектігін білмейді. Неге? Өйткені есірткі саудасының ең төменгі буынын ұстау бәріне тиімді. Бұл - менің адвокат ретіндегі жеке пікірім. Бұл сонда біреудің бизнесі ме? Кураторды ұстаса, сырттан есірткі кіргізетіндерді ұстаса, бизнес жабылып қалады деп қорқа ма? Кураторды ұстау біздің құқық қорғау органдарына соншалық қиын емес. «Телеграмға» адамыңды кіргіз, екі ай жұмыс істе, куратордың ізіне шығып ұстауға болады. Ал бізде кураторлар ұсталмайды. Тек қана қазақтың қайдан ақша тапсам деп жүрген балалары ұсталады. Олардың бәрін қазір біз әккі есірткі диллері ретінде соттап жүрміз», - дейді адвокат.

 

Сондай-ақ, ол заң қатал болғанымен, әркімге әрқалай қолданылатыны елдің наразылығын туғызып жатқанын айтады.

«Біздің экономикамыз қиын жағдайда. Соған қарамастан түрмелерді толтырып жатырмыз. Астананың тергеу изоляторында орын жоқтығы сондай, бірінші сатыда сотталғандарды Павлодар, Көкшетау түрмелеріне жіберіп жатыр.

Бұл жағдайдың бәрі еліміздегі жоқшылықтан болып жатыр. Балалар жас болған соң әдемі өмір сүргісі келеді. Қатарынан қалыспай әдемі киініп жүргілері келеді. Содан барып кураторлардың қармағына түседі», - дейді заңгер.

Есірткі өндіргендер өмір бойына сотталады

Қазір Мәжілісте осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылған. Сол топтың басшысы, Мәжіліс депутаты Дмитрий Колоданың пікірін де білгенбіз.

«Қазір заң жобасымен жұмыс істеп жатырмыз. Депутаттар ұсынған түзетулер бар. Оның ішінде есірткі көмгіштердің жауапкершілігін жіктеп бөлу мәселесі де бар. Яғни, «есірткі өндіруші» деген ұғым енгізілуі мүмкін. Сондай норма енгіздік. 297-бапқа тағы бір бөлік қосып, «есірткі өндірісі» деген ұғым енгіздік. Бұл бөлік бойынша кінәсі дәлелденген адам өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Яғни, жауапкершілікті саралау бағытында жылжып келеміз. Ал есірткі көмгіштерді бөлек бапқа шығару жағына келсек, әлі талқылап жатырмыз. Бұл мәселе Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан кейін заңда көрініс тапқанын білетін шығарсыз. Ортақ пайымды пысықтап жатырмыз. Жыл аяғына дейін бір шешімге келетін шығармыз», - дейді депутат.

Мәжіліс өкілі есірткі таратқаны үшін сотталғандардың мәселесін айтқанда солардың кесірінен өмірі өксіген жандардың тағдырын ұмытпау керек дейді.

 

«Жеке ойымды айтсам, халықаралық тәжірибені назарға алу керек. Ғалымдардың да пікірін міндетті түрде тыңдау керек. Заң жазасын күшейту керек дейтіндердің де, жеңілдету керек дейтіндердің назарға аламыз. Таяқтың бір ұшы сотталғандарға тисе, екінші ұшы есірткінің кесірінен жас өмірін сорлатқан тарапқа тиетінін ұмытпау керек», - дейді Дмитрий Колода.

Соңғы жаңалықтар
telegram