Есірткі тұтас ұлтқа қауіп төндіреді – Рауан Мусин

Есірткіні заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау және сату ауыр қылмыс саналады. Осыған орай БҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рауан Мусин Kazinform-ға сұхбат берді. 

Есірткі
Фото: БҚО полиция департаменті

– Рауан Ғимранұлы, Батыс Қазақстан облысында есірткі бизнесімен күрес қалай жүріп жатыр?

– Қазақстан Ішкі істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес барлық құқық қорғау органдарының  бірінші кезекте шешуі тиіс мәселесі екенін атап өткен болатын. Шын мәнінде де бұл қауіпті қылмыс түрімен күрес ешқашан тоқтаған емес. Сондықтан есірткі қылмысының жедел алдын алу іс-шаралары өткізілуде. Атап айтқанда, 1 маусым – 31 қазан аралығында республика аумағында кең ауқымды «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы жалғасып жатыр. 

Сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігінің нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары да жүзеге асырылуда. Оған барлық құқық қорғау және арнайы органдар, Денсаулық сақтау, Әділет министрліктері және басқа да мемлекеттік ұйымдар жұмылдырылды. Біз де осы бағытта БҚО әкімдігі, денсаулық сақтау, білім және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Осы жоспар аясында аймақтағы жағдай жақсы жағына қарай өзгереді деп үміттенеміз. 

Биыл Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, есірткіге қарсы профилактикалық бағытта 890 іс-шара өткізді. Соның ішінде атап айтар болсақ, қала мектептері мен колледждерінде, аудан орталықтарындағы осындай оқу орындарында 370 дәріс берілді. Есірткінің зияны туралы 70 акция мәресіне жетіп, облыс аумағында 18 баннер орналастырылып, 16 бейнеролик іске қосылды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы мазмұндағы 478 материал жарияланды. 

Әсіресе, қазіргі уақытта кәмелетке толмағандарды есірткінің заңсыз айналымына тарту өзекті болып тұр. Осыған орай полиция департаментінің басшы құрамы бастаған қызметкерлері өңірдегі барлық мектепте кездесулер өткізіп, оқушылармен әңгімелесті. 

– Олай болса, сөзіңіз аузыңызда, есірткіні, әсіресе, оның синтетикалық түрін таратуға неліктен жастар мен студенттер көп тартылады? Тіпті олардың арасында оқушылар кездеседі. Бұған не айтар едіңіз? 

– Иә, Telegram арнасында интернет-дүкен арқылы онлайн сауда жиі жасалады. Мұның ерекшелігі, контактысыз байланыс болғандықтан, оператор әкімшіні, яғни бір-бірін білмейді. Бірақ кім-кім де есірткі таратудың зардабы орасан зор екенін түсінуі тиіс. Мысалы, мектептегі бір кездесуде оқушы қыз маған «Есірткіні аса ірі көлемде сатқаны үшін айыпты деп танылған адам 15 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, адам өлтіргені үшін де сондай жаза қолданылады, мұның себебі неде?» деген сұрақ қойды. Шын мәнісінде қандықол қылмыскер бір-екі адамның өмірін қиюы мүмкін. Ал есірткіні таратқан адам ажал ұрығын сеуіп, түптеп келгенде, бүкіл ұлттың денсаулығы мен ғұмырына қауіп төндіреді. 

Енді нақты деректерге тоқталсақ, жыл басынан бері полиция қызметкерлері онға жуық жасты қолға түсірді. Күні бүгін осы күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осындай жаза барын біле тұрып, жастар мұнымен неге айналысады? Менің ойымша, мұны жеңіл табыс көзі деп есептейді. Оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Әрине, бұл – уақытша нәрсе. Бір ай, әрі кеткенде, жарты жылда полиция қызметкерлеріне ұсталады.

Айталық, биылғы 28 тамызда синтетикалық есірткі тасымалдаумен айналысқан, қала мектептерінің бірінде жоғары сыныпта оқитын жасөспірім қолға түсті. Қазіргі кезде үйқамақта отырған күдікті Telegram арнасында өзінің іс-әрекетінің қылмыстық сипатын түсініп, интернет-дүкен арқылы жеңіл ақша тапқысы келгенін алға тартты. Күні бүгін тергеу амалдары жалғасуда.

Осы қылмыстық істің аясында БҚО білім басқармасы атына ұйғарым жолдау көзделуде. Былайша айтқанда, жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары арасында қазіргі заманғы синтетикалық есірткінің, жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына қатысуының (сайт атаулары бар парақшаларды, граффити және басқаларды тарату) құқықтық салдары ауыр екенін көп болып түсіндіруіміз қажет. Аталған дерек ата-аналар мен педагогтер тарапынан балаларға есірткіні таратудың зияны мен жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстарының тиісінше жүргізілмейтінін көрсетеді. Бұл тек полицияның ғана емес, жалпы қоғамның өзекті мәселесі екенін ұғынып, осы бағытта барлығымыз бірге күресуіміз керек. 

– Өңірде есірткінің қандай түрлері жиі кездеседі?

– Батыс Қазақстанда есірткінің барлық түрі бар деп айтуға келмейді. Қазіргі таңда біріншіден, есірткінің марихуана, гашиш секілді каннабис түрлері ұшырасады. Екіншіден, соңғы үш жыл ішінде синтетикалық есірткі түрлері, мысалы, мефедрон (меф және тұз), перевалирон белең алып тұр. 

– Аудан, ауылдарда да солай ма?

– Ауылдарда дәл солай деп айта алмас едім. Бірақ қалаға жақын және қашық орналасқан бірнеше ауданда қарасора өсіру деректері баршылық. Айталық, өткен жылы осы мерзімде 19 дерек тіркелсе, биыл 28-ге жетіп отыр.

Біз жедел ақпарат түскен бойда тексереміз. Мұның бір себебі, қарасора өсіруге біздің өңірдің табиғаты қолайлы. Қарасораны өсіріп, басы піскеннен кейін ұсақтап, кептіреді. Сөлі ағуы үшін басын төмен қаратып, іліп қояды, мұның өзі ұзаққа созылады. 

– Соңғы сауал, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, есірткі қылмысы қандай деңгейде? 

– Қысқа қайырсақ, басты назар есірткінің ірі партияларын заңсыз айналымнан шығаруға аударылды. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша жасалған жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағында есірткіге қатысты 225 құқық бұзушылық (2022 жылы осы мерзімде – 214) тіркелсе, соның 89-ы (2022 жылы тоғыз айда – 86) қылмыс болып отыр. Сондай-ақ 136 қылмыстық теріс қылық (128) анықталды. Алдағы уақытта да есірткі қылмысымен күресті жүргізе береміз. 

– Әңгімеңізге рахмет. Қызметіңізге табыс тілеймін. 

Соңғы жаңалықтар