Есірткі жасырушыларды жалдауға қатысты 3 мың хабарландыру анықталды - ІІМ
3,2 мыңнан астам есірткі сайттары бұғатталды. Бұл туралы Ішкі істір министрлігі Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Интернет желісінде есірткі қылмыстарын анықтау бойынша жоспарлы жұмыс атқарылып жатыр. Мәдениет министрлігінің Ақпарат комитеті 3,2 мыңнан астам есірткі сайттарын бұғаттады. Алайда, жарнамалық сайттар мен басқа да интернет-платформалар арқылы есірткінің «агрессивті» жарнамасынан «жасырын» жарнамалауға көшу байқалып отыр», - деді Б. Әмірханов жыл басынан бері анықталған есірткі қылмыстарына қатысты өткен брифингіде.
Оның айтуынша, бұл бағытта «OLX» сайты кеңінен танымал.
«Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі бастамасы бойынша полицейлер мен аталған сервис қызметкерлері анықтаған есірткі жасырушыларды жалдау туралы 3 мыңнан астам хабарландыру жойылды. Бүгін Ақпарат комитетінде OLX алаңының басшыларын шақыра отырып, кезекті отырыс өткізіледі», - деді ведомство өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл заңсыз айналымдағы 37 тоннадан астам есірткі тәркіленді.