Есірткіге тәуелді болып қалған астаналықтар кімге анонимді жолмен жүгіне алады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова есірткіге тәуелді болған астаналықтар кімге анонимді негізде хабарласа алатынын айтты.

шұғыл желі
Фото: рexels.com

- Адам есірткіге тәуелділік проблемасымен бетпе-бет келсе анонимді жолмен жүгініп кеңес сұрай ала ма, - деп сұрады әлеуметтік желі қолданушысы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында.

Айнұр Төлеуова ол үшін арнайы сенім телефондар құрылғанын атап өтті.

- Қаламызда сенім телефондары бар. Сондай-ақ қалалық психикалық денсаулық орталығында анонимді кабинеттер ашылған. Ол жерде наркологтан кеңес, психологиялық көмек алуға болады. Сонымен қатар қаладағы 8 емхананың жанында бастапқы психологиялық денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Ол жерде де нарколог пен психологтың кабинеті ұйымдастырылған. Сенім телефондары мен анонимді нарколог кабинеттері туралы мәліметтің бәрін біздің басқарманың сайтынан табуға болады, - деді ол.

Айта кету керек, бүгін елордада есірткіге қарсы айлық науқан басталды.

Бұған дейін Атырауда 37 жастағы тұрғын 1 келіден астам синтетикалық есірткімен ұсталған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар