Эстонияны қымбатшылық қысып тұр
АСТАНА. KAZINFORM — Эстонияда 2025 жылдың тамыз айындағы жылдық инфляция деңгейі 6,2%-ға жетті. Бұл — Еуропалық Одақтағы ең жоғары баға өсімі. Бұл туралы АЗӘРТАДЖ жазды.

Бұл мәліметтер Эстонияның Статистика басқармасының алдын ала бағалауынан алынған.
Шілдемен салыстырғанда, маусым айында тұтыну бағалары 0,9%-ға өскен. Тамызда бағаның өсуі қонақүй және мейрамхана қызметтерінен басқа барлық негізгі санаттарда байқалған.
Бұл жағдай, ең алдымен, Эстонияның қосылған құн салығын (ҚҚС) 22%-дан 24%-ға дейін көтеруімен байланысты. Сонымен қатар, инфляцияға әсер ететін басқа да факторлар бар.
Экономист Ленно Ускила атап өткендей, баға өсімі — Эстония үшін №1 проблема болып отыр, әсіресе экономикалық өсімнің жоқтығы аясында. Оның айтуынша, орташа жалақы 6%-ға да жетпей өсіп жатқандықтан, бұл инфляцияны жаба алмайды. Соның салдарынан халықтың тұтынуға және жинақтауға жұмсайтын қаражаты азайып отыр.
Сондай-ақ, инфляция экспорттаушылардың шығындарын арттырып, эстондық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, дейді Ускила.
Эстониялық сарапшылардың пікірінше, азық-түлікке салынатын салықты азайту мәселесі ел саясаткерлерінің күн тәртібінде қала беруі тиіс.
Айта кетейік, Эстония үкіметі қорғаныс шығындарына жұмсалатын қаржыны ұлғайтпақ.