Есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған 36 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM – Есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған 36 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың жауабында айтылған.

- Оқу-ағарту министрлігінің жұмыс жоспарына сәйкес мектепке дейінгі және орта білім берудің арнайы бағдарламаларын кезең-кезеңімен жаңарту және есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған оқулықтарды әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі дейін есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған 25 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленді. 2025–2030 жылдары есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған 36 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірлеу қарастырылады, - деп атап өтеді Ермек Көшербаев жауабында.
Вице-премьер дерегінше, 2007 жылы «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық қоры Қазақстанның саңырау азаматтарына арналған «Қол қимыл әлемі» атты ым-ишарат тілінің тақырыптық сөздігін үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) әзірледі.
Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ 2020-2021 жылдары «е-Ымдау» қазақ және орыс тілдеріндегі ымдау тілінің электрондық бейне сөздігін, оны арнайы мектептердің оқу-тәрбие үдерісінде қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдарды дайындады.
- Қазақ әліпбиінің дактилі алғаш рет 1998 жылы шығарылған және Білім, Мәдениет және Денсаулық сақтау министрліктері бекіткен есту қабілеті зақымдалған балалар мектептерінің дайындық сыныптарына арналған «Әліппе» оқулығында қолданылған. Қазіргі уақытта дактиль алфавитін оқыту мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларымен «Әліппе», «Ана тілі» пәндері аясында көзделген, - деді ол.
Қазақ ым-ишара тілі мен дактиль әліпбиін қабылдау мәселесі пысықталатынын жазған едік.